Nature Climate Change ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижелеріне сүйенген Aikyn.kz мұздықтардың жойылуына әсер ететін факторларды талдайы.
2000-2020 жылдар аралығында әлемде мұздықтармен тікелей жанасатын көлдердің саны 35%-ға артқан. Бұндай көлдердің ұлғаюы мұздықтардың одан әрі еруіне ықпал етеді. Көл суы мұздықтың төменгі бөлігін ерітсе, мұздың ірі кесектері негізгі массадан бөлініп, суға құлайды.
Бірақ осы уақытқа дейін ғалымдарға аталған процестердің жаһандық деңгейде мұздықтардың жойылуына қаншалықты әсер ететінін анықтау қиын болған. Грац техникалық университетінің Геодезия институтының профессоры Тобиас Больч қатысқан халықаралық зерттеу тобы ЖИ құралдарының көмегімен 2000-2020 жылдары түсірілген спутниктік суреттерді талдап, мұздық көлдердің картасын жасады. Зерттеушілер алынған нәтижелерді қолмен тексеріп, мұздықтармен тікелей жанасатын көлдерді мұздан ажырап қалған көлдерден бөліп қарастырған.
Зерттеу нәтижесінде көлге ұласатын мұздықтардың басқа мұздықтарға қарағанда жылдам еритіні анықталды.
«Зерттеуіміз көлмен жанасу мұздықтың еруін одан әрі жеделдететінін көрсетті. Климат пен мұздықтың жер бедері мұз массасының азаюына әсер ететін негізгі факторлар болғанымен, көлдер бұл процесті едәуір күшейтеді», – дейді Тобиас Больч.
2000-2020 жылдары мұздықтармен тікелей жанасатын көлдердің саны 3 500-ге көбейген. Әсіресе Аляска мен Анд тауларының оңтүстік бөлігінде айтарлықтай өзгерістер байқалған.Жиырма жыл ішінде бұндай көлдердің жалпы ауданы 600 шаршы шақырымға ұлғайып, олардағы су көлемі 67 текше шақырымға артқан. Бұл көрсеткіштің ауқымын түсіну үшін ғалымдар Австрияның астанасын мысалға келтіреді. Осыншама су Вена қаласының 160 метр қалыңдықтағы су қабатымен жабуға жетер еді.
Мұздықтардың жедел еруі ұзақ мерзімді перспективада су ресурстарының азаюына әкелуі мүмкін. Мұздық көлдердің ұлғаюы олардың табиғи бөгеттерінің бұзылып, төменгі аумақтарды су басу қаупін күшейтері анық.
Профессор Больчтың айтуынша, жаңа зерттеу мұздықтардың болашақтағы өзгерістерін дәлірек болжауға және мұздық көлдердің жарылуынан туындайтын қауіптерді бағалауға мүмкіндік береді.
Ғалымдардың тұжырымы мұздықтардың жойылуын тек жаһандық жылынумен түсіндіру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Мұздықтар мен көлдердің өзара байланысын зерттеу су ресурстарын ұзақ мерзімді жоспарлау мен таулы аймақтардағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды.
