«Қазгидромет» РМК мәліметінше, солтүстік-батыстан келген циклонның әсерінен ел аумағында құбылмалы ауа райы сақталады.
«Боран, көктайғақ және аяз»: Қазақстанда ауа райы нашарлайды
77
оқылды

Қазақстанда бүгін, яғни 29 қарашада бірқатар өңірде қар жауып, боран соғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алдағы тәулікте күн суытып, кей жерлерде ауа температурасы 20 градус аязға дейін төмендейді.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, солтүстік-батыстан келген циклонның әсерінен ел аумағында құбылмалы ауа райы сақталады. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қар жауып, боран соқса, оңтүстігінде жаңбыр мен қар жауады. Сондай-ақ бірқатар өңірде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді.

Астанада қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Күндіз ауа температурасы 5-7 градус аяз шамасында болады. Алматыда жауын-шашын күтілмейді, таңертең тұман түседі. Күндіз ауа температурасы 6–8 градус жылы болады. Шымкентте де жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз 8-10 градус жылы болады.

Қарағанды мен Павлодарда қар жауып, бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Павлодарда желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Көкшетау мен Петропавлда күндіз 7-9 градус, Қостанайда 5-7 градус аяз болады.

Ақтауда жаңбыр жауса, Талдықорғанда жаңбыр аралас қар жауады. Қызылордада тұман түсіп, көктайғақ болады. Тараз бен Түркістанда жауын-шашын күтілмейді.

Синоптиктердің болжамынша, 30 қарашада еліміздің шығысында қалың қар жауып, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жауын-шашын күшейеді.

Дүйсенбіге қараған түні ауа температурасы еліміздің батысында 5-12 градус, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында 10-18 градус, шығысында 7-12 градус, ал таулы аудандарда 15-20 градус аязға дейін төмендейді. Елдің қалған аумағында ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.