Starshield жүйесіндегі ақаулар Украина армиясының шабуыл операцияларына кедергі келтіруде
Starshield жүйесіндегі ақаулар Украина әскеріне кедергі келтіруде – ISW
178
оқылды

Украина әскері АҚШ-тың Starshield спутниктік байланыс жүйесіндегі шектеулерге байланысты бірқатар әскери операцияларды орындауда қиындықтарға тап болды. Бұл туралы Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары украиналық әскери қызметкерлерге сілтеме жасап мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, жүйе жұмысындағы іркілістер Ресей басып алған аумақтардағы нысандарға орта қашықтықтан соққы беру операцияларына кері әсер етіп отыр. Соның салдарынан украиналық әскери дрондардың шығыны көбейіп, кейбір жоспарланған шабуыл миссиялары тоқтатылған.

Starshield жүйесіндегі шектеулер Ресейдің алыс қашықтыққа ұшатын дрондарын ұстап қалу жұмыстарына да кедергі келтіреді.

ISW сарапшылары орта қашықтықтағы дрон соққылары Украина қорғанысы үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мұндай шабуылдар Ресей әскерінің майдан шебіне қосымша күш пен техника шоғырландыруына, сондай-ақ әскери бөлімдерді оқ-дәрі және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етуіне кедергі келтіреді.

Сарапшылардың бағалауынша, дәл осы соққылар 2026 жылы Ресей әскерінің майдандағы ілгерілеуін тежеуге және Украина армиясының жергілікті қарсы шабуылдарына жағдай жасауға ықпал еткен. Атап айтқанда, Лиман және Александровка бағыттарында осындай операциялардың маңызы болған.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Starlink пен Starshield жүйелеріне қатысты шектеулер басып алынған аумақтарда әлі де сақталып отырғанын айтқан. Ал Украина бақылауындағы аумақтарда қызмет қалыпты жұмыс істей бастаған.

ISW сарапшылары Starshield жүйесіндегі іркілістер жалғаса берсе, Украина армиясының шабуыл операциялары мен майдандағы тактикалық жетістіктеріне қауіп төнуі мүмкін екенін ескертеді.