Пәкістан әскері Сауд Арабиясының қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында корольдік аумағына әскери қызметшілерін аттандырды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты The Express Tribune басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әскерилерді шығарып салу рәсіміне Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қатысты. Пәкістан армиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери бөлімше Сауд Арабиясының аумағында екі ел арасындағы қорғаныс саласындағы келісімдерге сәйкес міндеттерін атқарады. Бұл қадам корольдіктің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған.
Айта кетейік, 27 қарашада Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия өкілдері Исламабадта кездесіп, аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған. Тараптар Сауд Арабиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласқан.
Үш мемлекет арасындағы Мекке бірлескен қорғаныс келісімі бойынша, қатысушы елдердің біріне жасалған қарулы шабуыл қалғандарына жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
