Халыққа тегін азық-түліктен гөрі, ақшалай бергені дұрыс – экономист Сапарбай Жобаев
Халыққа тегін азық-түліктен гөрі, ақшалай бергені дұрыс – экономист Сапарбай Жобаев
© Сурет интернеттен алынды
477
оқылды
Кеше, 31 наурыз күні  Президенттің берген мәлімдемесінде халықтың әлеуметтік жағдайын әрі шағын бизнесті қолдауы бойынша жақсы ұсыныстар айтылды. Әрине, оның барлығы бюджетке ауыртпалық түсіреді. Дегенмен осындай қиын кезеңде халыққа жәрдем беру – мемлекетіміздің басты міндеті. Ал мұндай көмекті көршілес мемлекеттер жасауға қиналып жатқаны құпия емес.
Мәселен, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді 10 пайызға көтеру дұрыс шешім. Себебі мұнай бағасы түсуі, ақшаның құнсыздануы және дәрі-дәрмек секілді импорттық тауарлардың өсуіне сай, зейнетақыны да көтеріп жатыр. Бұл – қосымша шара. Өйткені жылдың басында инфляцияға орай өткен жылғы зейнетақыны өсіргенін естен шығармайық.
Екіншіден, әлеуметтік топтама ретінде күнделікті қажетті заттарды 2-3 айдан бері берілуде. Оның ішінде азық-түлік, санитарлы гигиеналық заттар бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көмекті бір жылдай беріп, кейін ақшаға ауыстыру мүмкіндігін жеткізген. Меніңше, бұл мәселені созбай, бүгіннің өзінде ақшаға өткізу керек. Тегін беру дегенміз – бюджеттен қаржының үлкен көлемде бөлінуі. Бұл жөнінде тендер өткізсе де, жергілікті әкімшілікке берсе де, оның арасынан пайдакүнемдер де шығуы мүмкін. Мысалы, көтерме саудадан алған дүниені дүкеннің бағасымен өткізіп, үстіне баға қосуы мүмкін. Сондықтан азық-түлік не киім-кешек емес, ақшалай бергені дұрыс. Көмекті алған адам өзіне не керегін, қандай бағаға алатынын шеше алады.
Осыдан бір аптадан бері «42 500 теңгені кім алады?» деген сұрақ көпті мазалаған еді. Соның шешімін дұрыс тапты. Бұл туралы Президент нақты тұжырымдамасын айтты. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтамассыз етіп жүргендер – 1,5 миллион екен. Олардың арасында еш жерде тіркелмесе де, ауылда малы бар дәулетті адамдар кіріп кетпеуін жергілікті билік қатаң қадағалауы тиіс.
Қазір 1 миллионға жуығы осыдан 2-3 ай бұрын жинақ төлемін жасап, медициналық сақтандыруға тіркелді. Міне, солар 42 500 теңгеден алады. Ал 500 мыңға жуық адам әлі тіркеуге тұрмады. Карантин кезінде жұмыссыз отырған адамдар egov.kz сайтына кірмек түгілі, интернеті де жоқ. Сондықтан телефоны бар адамдарды тіркеуге алу арқылы осы мәселені шешсе дұрыс еді.