Алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 42 мың пәтер салынады. Осылайша, жылдар бойы сең болып қатып тұрған тұрғын үй кезегінде біраз қозғалыс болатын түрі бар. Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар екенін, оның 28 мыңнан астамы тұрғын үй кезегінде тұрғанын ескерсек, сондай-ақ болашақта көпбалалы болсам деген отбасыларды ынталандыру, қолдау үшін бұл үрдіс алдағы уақытта да ұдайы жүргізіліп отыруы тиіс.
Мұндай үрдісті тоқтатпау керегін Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымовтың мына сөзінен де аңғаруға болады: «Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде бізге берген үш тапсырмасы бар. Ол, алдымен, баспана мәселесі, екінші – халықты таза ауызсумен қамту және жергілікті жерлердегі жол мәселесін шешу. Берілген тапсырмадан соң біз Қазақстанның әр өңіріндегі 50 шақты елдімекенде болып, тұрғындармен кездесу ұйымдастырдық. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдай отырып байқағанымыз, көмек-қолдау сұрап келген тұрғындардың 70-80 пайызы баспана мәселесін шешіп беруді сұрады».
Міне, көптен айтылып жүрген, бірақ әлі де шешімін таппаған үш мәселе тағы да алдымыздан кесе-көлденең шықты. Комитет басшысының айтуынша, бұрын мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жылына 600 пәтер берілсе, биылдан бастап бұл көрсеткіш он есеге артып, жылына 6 мың пәтер беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Біз әңгімеміздің басында алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын болады деп жатқанымыз сол. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың көшін түркістандықтар бастап тұр. Олар – 4832 отбасы. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, халқы тығыз, демографиялық қуаты мықты өңір статистика бойынша ең айлық табысы аз, кіріс көзі төмен мекеннің бірі болып саналады. Адамдары еңбекқор, ширақ болып келетін бұл аймақта баспана мәселесін өз беттерінше шешуге асарлатып, ағайындатып барынша талпынып-ақ келеді. Бірақ, айналып келгенде, жер учаскесін алу, құрылыс материалдары – бәрі қаржыға кеп тіреледі. Сондықтан көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жер учаскесін тегін беру де осы мәселенің шешімін табуға біраз серпін берер еді деп ойлаймыз. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың қатарында екінші орында 3149 түтінмен Алматы облысы тұрса, үштікті Нұр-Сұлтан қаласы түйіндеп тұр. Демек, жұмыс іздеп елордаға қарай ағылып, үй кезегіне тұрған көпбалалы отбасылардың басым бөлігі, анығы 2888 отбасы пәтер жалдап тұрып жатыр деген сөз. Бір нәрсені анықтап алайық, біз тек тұрғын үй кезегінде тұрған, яғни қалада тіркеуде бар баспанаға мұқтаждарды ғана әңгіме етіп отырмыз. Ал тіркеуде жоқ немесе уақытша тіркеуде тұрған көпбалалы отбасылар қаншама. Оның есебін алып жатқан кім бар? Мәселе сонда және нағыз қолдауға зәру топ та – осы.
Баспанамен қамту дегенде, біз осы күнге дейін негізінен қала тұрғындарын айтып келдік. Құдды ауылдағылардың бәрі үймен толық қамтамасыз етілгендей. Шындығында солай ма? Жоқ, олай емес екен. Өткен аптада Парламент Мәжілісінде болған әңгіме соның айғағы. Депутат Құралай Қарекеннің айтуына қарағанда, біз әңгіме етіп отырған пәтерге зәру көпбалалы отбасылар аудан мен ауылдарда да жетерлік. Шалғай елдімекендерге барғанымызда салынғанына 50-60 жыл болған үйлерде тұрып жатқан қаракөздерімізді өзіміз де көріп жүрміз. Әлдеқашан үйленіп, балалы-шағалы болса да екі-үш отбасы, яғни бірнеше келін еншісі бөлінбей, бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Бұл, әрине, бірін-бірі қимағандықтан емес, «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін жеке баспанасы болмағандықтан. Депутат осы аудан мен ауылда тұратын баспанаға зәрулердің мәселесін қалай шешуге болатынын сұрады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев өз кезегінде көпбалалы отбасыларға аудан орталықтарында көпқабатты, ал халқы аз елдімекендерде азқабатты үйлер салуды жоспарлап жатқанын айтты. Қалай болғанда да бұл құптарлық, игі бастама.
– Ең бастысы – әр адам «Үкімет береді, Үкімет жағдайымды жасайды» деп қарап отырмай, тірлік жасауы керек. Қарапайым ғана мысал, пәтерімнің терезесінен қарасам, үйімізге қарама-қарсы бесқабатты үйдің шатыры сынып, қираған. Менің ойымша, сол үйдің ішіне су күнде тамып жатыр. Сол пәтер иесі өзі шығып үш шифер сала салуға болады ғой, бірақ ол оны істемейді. Неге? Өйткені ПИК бар, әкімшілік бар. Ол сол үшін әкімшіліктің табалдырығын тоздырады, – дейді экономика ғылымдарының докторы, профессор Жангелді Шымшықов. – Ауылда үй салу үшін ең негізгі мәселе – жер. Тұрғындарға тек жер берсе, сол үйді өздері-ақ салып алар еді. Конституция бойынша әрқайсымыздың 10 жүздік жер алуға құқымыз бар. Алайда, бізге неге жер бермей жатыр? Өйткені көп жер жекеменшікке өтіп кеткен, иесі бар. Оның үстіне, ол жерде инфрақұрылым болуы, электр энергиясы, су тартылып, жол салынуы керек. Соны сылтау етіп, елге жер телімін бермей жатыр. Егер халыққа тиесілі жер телімін тегін берсе, қаншама адам сол үйді өздері-ақ салып алар еді. Ауылда үй жоқ деген бір жағынан қисынға келмейді. Неге десеңіз, көбі ауылдан қалаға көшіп жатыр. Ауылдарда қаншама үй қаңырап бос қалып жатыр. Міне, осындай үйлерді бос қалдырмай, пайдалануымыз керек. Бұл мәселеге «Үкімет жарылқау керек» деп біржақты қарауға болмайды. Бұл – бір мәселе. Қазіргі негізгі мәселе – әлеуметтік мәселе. Осыған дейін онша көңіл аудармай келген мәселеге жаппай бет бұрған сияқты болып жатырмыз, бірақ оның бәрі жасанды. Өйткені, ол – маусымдық мәселе. Бүгін көтерілген мәселені ертең ұмытып қалады. Не болып, не қойып жатқанына есеп беріп жатқан ешкім жоқ. Осы маусымдық дегенді жойып, оған адамгершілік тұрғысынан қарауымыз керек. Менің ойымша, көпбалалы отбасы бірінші кезекте өздері әрекет етуі керек. Екіншіден, қазіргі кезде ауылда жанашыр кәсіпкер, фермерлер табылып жатыр. Сосын бұрын тимуршылар отряды деген болушы еді, осы үрдісті жалғастырып, асарлатып көмектесу жағын да қарастыру керек. Көпбалалы отбасылардың басты мәселесі баспана болса, міне, сол мәселені шешуде бар мүмкіндікті қарастыруға тиіспіз. Өйткені түйін тарқамай, түпкілікті мақсатқа жету мүмкін емес.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ