Қазақстандық FlyArystan лоукостері алғашқы рейсін орындады. Алматыдан шыққан ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына келіп қонды.
Салтанатты рейсті «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Air Astana президенті Питер Фостер, журналистер мен блогерлер қарсы алды.
FlyArystan бюджеттік әуекомпаниясы флотының конфигурациясы 180 орынды төрт Airbus 320-232 ұшағынан тұрады, олардың орташа пайдаланылған мерзімі 6 жылды құрайды. Қызметкерлер штаты 180 адамнан тұрады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұшқыштар мен аға бортсеріктердің бір бөлігі «Эйр Астана» командасынан алынды. 2021 жылдың соңына қарай әуе компаниясының әуе паркін 15 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарлануда.
FlyArystan жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін жоғары сервис пен қолжетімді ұшуларды қамтамасыз етумен қатар бортқа Recaro 3 530 SLIM неміс өндірісінің былғарымен қапталған жаңа креслосын орнатты. Оның қайырмалы жұқа арқалықтары бар және кеңдігі 70 см-ден 82 см-ге дейін жетеді. Жолаушылар үшін бір бағытқа билет құны 3 999 теңгеден басталатын қолжетімді ұшуларды ұсына отырып, FlyArystan бұрын ұшақпен ұша алмаған жолаушылардың жаңа сегментін тартуды жоспарлап отыр.
– Біз Қазақстанның кейінгі толқын жастарына ұшу ұтқырлығы мен қолжетімдігі қажет екенін түсінеміз. Лоукостердің классикалық үлгісі бойынша жасалған FlyArystan дер кезінде және қажетті сағатта пайда болды. Ішкі және халықаралық бағыттарда жолаушылар ағыны едәуір өседі деп болжап отырмыз. Уақыт өте келе біз ұшуларды шетелдік әуежайлардан да бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер. FlyArystan 2019 жылы 29 наурызда Алматы – Тараз – Алматы, сондай-ақ Алматы – Орал – Алматы бағыттары бойынша билет сата бастады.
Кейіннен Алматыдан Нұр-Сұлтанға, Қарағандыға, Павлодар мен Шымкентке билет сатыла бастады. Бүгінде республиканың 6 қаласына әуе билеттері сатылып жатыр.
Қазақстандықтар қуаныштарын жеткізумен қатар еліміздің басқа аймақтарына билеттер сатылуын күтіп жатыр. Мәселен, еліміздің батыс аймағында Оралдан басқа тағы 3 облыс орталығы бар. Алматы не Астанадан ол жаққа ұшақпен жету қымбат. Егер теміржолмен не болмаса көлікпен шықсаңыз, онда көп уақытты талап етеді. Осы тұрғыда жаңадан құрылған бюджеттік әуекомпания Ақтауға, Атырауға не болмаса Ақтөбеге рейстерді жылдамдатып ашса, тұрғындардан алғыс еститіні анық.
Сонымен қатар Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Семей, Талдықорған, Жезқазған тұрғындары да әуе байланыстың тиімділігін сезінгісі келеді. Әрине, әуекомпания ангарындағы төрт ұшақ мұндай қажеттілікті бір сәтте орындай алмайтынын да түсінеміз. Бірақ халық саны мен ол облыстардың экономикалық әлеуетін ескере отырып, маңызды бағыттардың кезек күттірмей ашылатынына сенеміз.
Алғашқы қазақстандық лоукостердің рейстеріне билеттерді әуе компанияның flyarystan.com ресми сайты арқылы брондауға болады.