«Мамания» мектебі рух білтесі еді

«Мамания» мектебі рух білтесі еді

«...Мамандарың сол тұста граф титулын алыпты деседі ғой. Қазақтағы қарапайым байлардан гөрі олардың дворяндық салтты ұстанған кездері болды дейді, мысалы қыс қыстауы имение, усадьбаға көбірек ұқсаса, жаз жайлауында өзгеше бірдемелер бар секілді... » деген екен атақты жазушы Ғабит аға Мүсірепов замандасы ақын Ғали Ормановқа. Бұл – классик жазушының Жетісу өңіріне аңсарлы ықыласпен саяхаттап, өркениет ошағы, қазақ рухының білтесі болған Қарағаш қаласының орнын, айналасындағы мәуелі бау-бақшаны көріп, тамсанып, таңданып айтқандағы сөзі екен.

«Граф Маман» дегеніміз – ХХ ғасырдың басында Же­тісудың Қапал-Ақсу айма­ғын­да өмір сүрген Маман-Тұ­рысбек деген әкелі-балалы ақсүйектер еді. Өрісі малға, сандығы асыл тастарға толған Маман ұрпақтары 1899 жылы тұңғыш рет медресе ашып, ауыл-аймақтағы кедей-кеп­шік­тің балаларын оқуға қа­былдайды. Көреген Тұрысбек қажы әкесінің өсиетіне адал болып, медресенің жұмысын жетілдіру үшін үлкен мектеп салдыру ісін қолға алады. Сөйтіп, 1903-1904 жылдары мед­ресені алты сыныптық мек­тепке айналдырған. Қара­ғаштағы бұл мектепте Жетісу өлкесіне қарасты болыс­тар­дағы балалар оқып, тәрбие алып жетілген. Қолымыздағы архив деректеріне сүйенсек, 1918 жылға дейін жалпы ұзын саны сексенге жуық оқушы білім алған екен. Революция басталып, ақ пен қызылдың тайталасы қыза түскенде жұр­тына дәулетімен қызмет ет­кен ақсүйек әулеттің басы­на қай­ғының қара бұлты үйіріледі. Ақырында, мал мен мүлкі, дәулеті талан-таражға түсіп, өздері «байшыл», «ұлтшыл» деген желеумен сібірге айда­лады. Аман-есен қалғаны туған жерін тастап, жат елдерге босып кеткен еді. Зобалаң жыл­дары Маман әулетінің сексен пайызы итжеккенге айдалып, қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Қазақ дала­сының басқа шетіне көшіп, «әупіріммен» тірі қалғандары советтік жүйенің аяусыз қы­сымын тартып, не оқу, не қызмет жағына ілікпеді. Сан салалы білімімен көзге түсіп, совет медицинасына зор үлес қосқан Халида Маманова ­Ста­­линге өзі сұранып хат жа­зып, майдан даласына барады. Штрафбатта қызмет етіп, шовинистік биліктен «Халық жауының ұрпағы» деген қа­сіреттен ақтауды өті­ніп сұра­ғанымен, құпия жағ­дайда үл­кен ғалымды өлтіріп тынды...



«Мамания» мектебіндегі қазақы тал бесікте тербеліп, ұлттық уызына қанып, ислам­ның иманды бұлағынан нәр татып өскен Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Мейірман Ермектасов, Ыбырайым Ма­манов сынды ақсұңқар аза­маттар – озық елдің мәде­ниетін игеріп, жеті жұрттың тілін біліп, қазақ әдебиеті мен тілінің, руханиятының сом тұлғалары болып қалыптасты. Классикалық статусты иелен­ген бұл мектепте қазақтың алтын діңгегіне айналған алаш ардақтылары Мұстақым Малдыбайұлы (қарқаралық), Ғабдолғазиз Мұсағалиев (текелік), Майра Уәлиқызы (керекулік), Фатима Есен­гелдина (уфалық) тағы басқа көзі ашық ұстаздар оқыту­шылық қызметпен айналысты. Маман балалары Сейітбаттал мен Есенқұлдар «Қазақ», «Ай­қап» басылымдарына «сү­йіншілеп» хабар таратқызып, мектептеріне ұлы даланың әр қиырынан оқытушы алдырт­ты. Қазақтың алғашқы Конс­титуциясын жазған үлкен оқымысты Барлыбек Сырт­танұлы мектептің оқу бағ­дар­ламасын жасақтап, Уфадағы «Ғалия» мектеп медресесінің оқу-ағарту жоспарына сай арнайы пәндерді қосқызып, шәкірттерге жәдит ілімін, дү­ние және дін ғылымын беруге ықпал етті. Патшалық биліктің қысымына ұшырап, саяси айдауда жүрген атақты заңгер Жақып Ақбайұлы Қа­рағашқа жиі-жиі келіп, оқу­шылармен кездесіп, заң, құ­қықтық саяси көзқарас та­қырыбында дәріс оқыған-ды. Алаш идеясын таратушы ұлт ақыны, қай­рат­кер Міржақып Дулатұлы Байқажының еліне арнайы келіп, ұлттық қозға­лыстың ни­замын айтып, алқа­лы жиын ұйымдастырғаны бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласына ресми сапарымен келіп, жергілікті зиялы қа­уыммен кездескенінде: «Ал­ғашқы қазақ ағартушылық мек­теп­терінің бірі, Ақсу же­рінде ашылған «Мамания» медресе­сі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ та­рихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі болатын», – деді. Мемлекет басшысының осы сөзін естіп, қуанып қалдық. Шіркін-ай, енді аймақ атқа­мінерлері Президент сөзін ес­керіп, мектептің 120 жылдық ме­рейтойы аясында зама­нын­да өркениет ошағы болған, Алаш тұлғалы ерлердің таба­нының ізі қалған, бүгінде қа­раусыз, ажары тайған қайран Қа­рағашты мемлекет қам­қор­лығына алса екен. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашық аспан астындағы музей-қорыққа айналдырып, мектеп ашқан Маман Қалқабайұлы, Тұрысбек Маманұлы және Сейітбаттал, Есенқұлдардың, сондай-ақ мектепте «адамдық диханшысы» болған Ғаб­долғазиз, Мұстақым, Барлы­бек, шәкірттері Ілияс пен Бі­ләлдардың тұғыртастарын орнатып, медресенің орнына тарихи белгі қойса, тарихымыз да, руханиятымыз да жаңғыра түсер еді. Сосын сол жердегі бабалар зиратын қоршап, жол салса, Өскемен – Алматы ба­ғытындағы ары-бері өткен жо­лаушылар, туристер төл та­­рихымызбен танысып, дү­ние­­танымдарын кеңейтер еді...

Асылы, есімі ел аузында жүрген ақжүрек жомарт жандардың өнегесі жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа та­ғылым ретінде сақтала береді екен. Бүгінгі күннің қалталы жандары кешегі күннің аза­маттарындай еліне тіреу, жұртына қалқан болса екен...

Елдос ТОҚТАРБАЙ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты