Бүгінгі «ат арқасында жүргендердің» барлығы дерлік қазақтың 1991 жылы басталған ұлы көшінің жемістері. Билік элитасында да, ауыл-аймақ билігінде де, ғылымда да, не керек өміріміздің барлық саласында ұлы көштің жемістері жүр. Солардың бірі біздің бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері – Жанатбек Ішпекбаев. Бұл күндері Жәкең Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универститетінде тәрбие істері жөніндегі проректор, саяси ғылымдар кандидаты, профессор.
Ал 1991 жылы ол бар болғаны осы университеттің аспиранты еді. «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде осы университеттің студенті едім. Ереуілге шықтым деп өтірік айта алмаймын. Керісінше, ереуілге шыққан жастарды сабырға шақырушы топта болдым. Сол бір сұмдықты көргенде өз тобымда емес, ереуілшілер тобында жүруім керек еді деп талай толқыдым. Жас жігіттеріміз бен қыздарымызды солдаттар күрекпен ұрып, аяқпен тепкілегенін көзбен көрдім. Жазалаушылар аяусыз болды. Бәлкім, осыны көргендіктен де шығар, 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті жариялағанда шексіз қуандым. Содан бері тәуелсіздіктің шын тілекшісімін». Бұл кейіпкеріміздің талай жерде айтқан және еңбектерінде жазған өзі жайлы ақиқаты.Жанатбек Ешенқожаұлының бұдан кейінгі өмір жолы былайша өрбиді: университетті ойдағыдай аяқтау, аспирантураны тамамдау, кандидаттық диссертация қорғау, оқытушы-ұстаздық, осы білім ордасы ректорының көмекшісі, проректор. Оқырман байқаған шығар, өсуде секіріс жоқ, баспалдақпен көтерілу бар. Демек, кейіпкер Абай айтқанындай, өзіне және еңбекшілдігіне сенген. Бұл оның ең бірінші таңдаған және адастырмаған дұрыс жолы. Осы жолда ол қазақ-педагогика ғылымына, ғылым білім жүйесіне өлшеусіз үлес қосып еңбек сіңірген тарих ғылымының докторы, профессор, академик, универститеттің сол кездегі ректоры Тоқмұхаммед Садықов ағамыздың көзіне түседі. Иманды болғыр Тоқмұхаммед Сәлменұлы білімді, елгезек, тындырымды жас жігітті оқытушылық қызметтен өзіне көмекшілікке шақырады. «Бір шартым – ғылыми ізденісті тастамайсың. Қызмет – қолдың кірі, ал білім – өмірлік азығың. Осы шартыма келіссең, көмекшім боласың» депті көреген ұстаз. Жәкең ұстазының бұл шартын қуана қабылдайды. Не керек, үлкен ұстаз бен тәуелсіздік көшінің бір жемісі арасындағы байланыс осылай басталып, «туғанындай» аралас-құраластыққа ұласып жүре береді.
«Тоқаң тындырымды да тынымсыз жан еді. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен шынайы достық қарым-қатынаста болған адам. Бұл достық сонау Кеңестік Қазақстан Республикасының үкіметінде басталса керек. Нұрсұлтан Әбішұлы – Үкімет басшысы, ал Тоқаң Білім министрлігінде жауапты жұмыс істеген. Тоқаңда Нұрсұлтан Әбішұлына қалтқысыз сенім бар еді. Сондықтан да сайлау науқандарында уақытпен санаспай жұмыс істеді. Тіпті ол кісі Отан, кейіннен Nur Otan партияларын құрар кезде де үлкен ұйытқылардың бірі болды. Мұндай жауапты жұмыста жүрген адамның көмекшісі болу қандай екенін енді өзіңіз ойлай беріңіз. Ұстазым ТМД ақсақалдар алқасының мүшесі болғандықтан да кейде жақын шет елдерге шығу көбейіп кететін. Осыны өзі де біліп жүргендіктен «Сенің ғылыми ізденісіңе жұмсайтын уақытыңды жеп қойып жатырмыз. Бірақ мұны сылтау етпе. Ізденісті тастама» дейтін». Осындай жұмысбасты әрі талапшыл, әрі қамқор ағаның көңілін қалдырмау үшін де біздің кейіпкеріміз ізденіске уақыт тауып, қысқа мерзім ішінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Кандидаттық диссертацияны қорғау алдында «Политический консенсус как общегосударственная ценность Содружества Независимых Государств», «Тәуелсіз мемлекеттер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» атты монографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, баспадан шығарды. «Тәуелсіздік жемісінің» еңбекқорлығы мен табандылығына, қажымас қайратына еріксіз риза боласың. Бұл күндері ол бес монографияның, төрт оқу және оқу әдістемелік құралдардың авторы. Жүзден астам ғылыми зерттеу мақалалары шыққан. Кейіпкеріміздің «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты жиырма баспа табақтан артық көлемдегі монографиясы Тәуелсіз Қазақстанның жиырма бес жылдық ғұмырын, «нөлден басталған» делініп жүрген Қазақстан экономикасымен әлеуметтік дамуының шежіресіндей осынау еңбек өз оқырманынан лайықты бағасын алған. Еңбекте мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясаттағы тұрақтылығына ғылыми баға берілген.
Қайда жүрсе де өзі сенген жас студент жеткіншектері онымен бірге. Тәрбие ісіне жауапты адамның мойнына осыншама жүк арқалағанда оны нардай көтерген тұлғаға еріксіз риза боламыз. Осы мақаланы жазар алдында кездескенімізде кейіпкеріміз «Ұлы дала ұлағаты» атты жаңа монографиясын аяқтағанын қуана хабарлады. Мұнда «қазақ қазақ болғалы» деген ұғымды қамтитын толып жатқан ғасырлар бойын ғылыми екшеуден өткізген ғалым-автор «Енді бұған соңғы кездің ұлағатты істерін қоссам деп отырмын. Өйткені «спорттық бабында» дейтіндей денсаулығы бар бірінші басшысының тағын өз еркімен өткізіп беруі және жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таққа отырғанына тоқмейілсімей кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауы жаңа замандағы Ұлы дала ұлағатының бір көрінісі» дейді.
Жанатбек Ешенқожаұлы – Ы.Алтынсарин медалінің иесі. Өткен жылы оны Тұңғыш Президентіміз Құрмет орденімен марапаттады. Бұл марапат кейіпкеріміздің тәуелсіздік жарияланғаннан бергі кезеңдегі еңбегінің әділ бағасы деп білеміз.