Тамағы – тоқтық, қимылы – жоқтық...

Тамағы – тоқтық, қимылы – жоқтық...

Жақында «Айқынның» бір мақаласы елдегі балалар семіздігіне арналды. Бұл – үлкен проблема. Біздің қазақ «Семіздікті қой көтереді» дейтін еді, семіздікті адам да көтере алатынын көретін заманға жеттік. Семіздік – әлеуметтік дертке айналды.

Америкада болғанда семіз адамдардың көптігін көріп қайран қалған едім. Араб елдерінде де семіз адамдар көп кездесті. «Ойпырмай, мынаның бәрі не жеп семіреді екен?» деп бас шайқағанбыз. Енді сол «семіздік» Қазақстанға да келгендей: фас­тфуд пен аз қимылдаудың салдарынан еліміздегі 14 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала шектен тыс семіріп кеткен. Кәмелетке толмаған 5 миллиондай баланың 15 пайызы артық салмақ көтеріп жүр. Семіздіктің 10 пайызы ағзадағы гармондардың бұзы­луынан болса, 90 пайызы дұрыс тамақ­танбаудың салдарынан туындайды.

Қазақстандағы балалардың 22 пайызы, ал ересектердің 55 пайызы – соның ішінде әйелдер – 58 пайыз, ерлер – 53 пайыз семіздік дертіне шалдыққан көрінеді.

Денсаулыққа салғырт қараған адам семіздікке тез ұшырайтыны белгілі. Шамадан артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен
7 жылға қысқартады екен.

Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы­ның мәліметтеріне қарағанда, әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фастфудқа жұмсайды. Әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет «ит іш­пейтін» сары су ішеді, әрбір онын­шысы энергетикалық сусын сатып алады. Студенттер де жетісіп тұрған жоқ: 60 па­йы­зы жеңіл-желпі фастфудпен қоректенеді.

«Заман – жаман» дейміз. Өткен ға­сырдың басында Кеңес өкіметінің қол­дан жасаған ашаршылығы салдарынан қынадай қырылдық. Ішерге – ас, киерге – киім таппай, қаншама қазақ баласы босып кетті. Тігерге тұяқ қал­маған сол заманмен қазіргі жағдайы­мызды бір салыстырып бай­қайықшы.

Тоқтықтан кекірік атып жүрген жан қаншама.

Ақша беріп, арықтап отырған елміз.


Бүгінде үлкеннің де, жастың да қимылы азайды. Есігінің алдындағы он сотық жерін арамшөп басып, жерден бір шырпы көтермей, барлық кінәні билікке артып қойып, қарап жатқан замандасқа не дейсіз? Бәріміз кезінде ойын баласы болдық: ата-анамыз кешке таман үйге әзер кіргізетін; күндікке неше түрлі ойын ойнап, әбден сілеміз қатып, шап­қылаудан босамайтын едік.

Қазір баланы сыртқа шығару да бір қиямет. Қолында – қалтафон, айнал­дырғаны – айфон, аузын не болса сонымен тығындап отыр. Тамағы тоқ­тық, қимылы жоқтық семіздікке апар­мағанда, қайда апарады?!.

Ел азаматтарында ауру көп: қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары белең алып кетті. «Ауру – астан» деп ата-бабамыз текке айтпаған. Дұрыс тамақтанбаудың арты неше түрлі дертке ұшыратады.

Биологиялық цикл бұзылды: түнде кеш жа­тып, түске таман ұйқыдан тұру әдетке ай­налды; Қазақстанды мекендеп отырған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің тұрмысына қараңыз – ұйқысы бұзылған қазақтар ғана!

Ұйқысы бұзылған ұлттың ұйытқысы құриды. Семіз ел – кеміс ел.

Шымыр адам ширақ болады. Сізге қайсысы жақсы?!.