Форум бюджеті анықталды
Форум бюджеті анықталды
396
оқылды

XII Астана экономика­лық форумына Нобель сыйлығының лауреатта­ры қатысады. Танымал көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар жаһандық экономикалық мәселелерді талқылап, шешімдерін іздейтін елордалық құрылтайға 100-дей елден делегат жиылмақ.

Биылғы 16-17 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында он екін­ші рет өтетін АЭФ жиынына «Шабыттандыратын өсім: адам­дар, қалалар, экономикалар» тақырыбы арқау болады. 
– Форумның күн тәртібіне әлемдік экономиканың, өнеркә­сіп пен технологиялардың жаңа салаларын өркендету, сондай-ақ Қазақстанның және әлемнің басқа елдерінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер секілді маңызды мәселелерді талқылау кіріп отыр. Әртүрлі іс-шаралар аясында орнықты өсудің, адами капиталды дамытудың және бі­лім мен инновациялардың ха­лықаралық орталықтары ретінде қалалардың әлеуетін арттырудың жаңа жолдары пысықталады, – дейді шараға жа­уапты құры­лым – Эконо­ми­калық зерт­теулер институтының басқарма төрағасы Ерлік Қаражан.
Ал «Астана EXPO-2017» ұлт­тық компаниясының бас­қа­рушы директоры Руслан Жем­ковтың айтуынша, АЭФ-те дәс­түрлі түрде панельдік сессиялар, дөң­гелек үстелдер, конферен­циялар және бизнес-диалогтар фор­ма­тында барлығы 50 шара жос­парланған.
Олардың ішіндегі ірілері қатарында Қазақстан басшы­лығы қатысатын пленарлық отырыс; Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орайластырған халықаралық конференция; Дүниежүзілік сауда ұйымының жоғары орга­ны – Министрлік конферен­ция­сын 2020 жылы 12-рет өткізуге дайындыққа арналған аралық отырыс; БҰҰ аясында орнықты даму мақсаттары жөніндегі тұң­ғыш қазақстандық форум; еу­ра­зиялық интеграцияның 25 жыл­дығына арналған сессия; Қазақ­стан Үкіметі мен әлемдік интел­лектуалдық элитаның қаты­суы­мен өтетін стратегиялық сессия; ЕАЭО, Орталық Азия және Кав­каз елдерінің орталық банк­тері басшыларының дөңгелек үстелі бар. 
Биылғы 5 мыңдай қатысу­шының жартысына жуығы әлем­нің жүз шақты елінен келмек. Қатысатынын растаған шетелдік мәртебелі меймандар қатарында 2018 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Ромер, 2007 жылғы Нобель­дің бейбітшілік сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Ха­лықаралық валюта қорының өкімші-директоры Кристин Лагард, Ислам даму банкінің президенті Бандар Хаджар, ЭСКАТО атқарушы директоры Армида Алисджабана, Nokia директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, ШЫҰ бас хат­шысы Владимир Норов және басқалары аталды. 
«АЭФ-ке белгілі саясаткерлер мен сарапшылардың қатысуы елордалық осы мерекеге деген қызығушылықты білдіреді. Бұл – сонымен қатар олардың ашық сұхбаттастық пен өзара ынты­мақтастыққа дайындығының символы. Екі күн ішінде форум аясында шамамен 100 спикер сөз сөйлемек», – дейді Р.Жемков.
Оның мәліметінше, халықа­ралық валюта қорының қаты­суымен ұйымдастырылатын инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелге де мән берілуде. Осы және басқа да шаралар шетелдік бизнесмендердің ынта-ықы­ласын оятып, оларды форумға араласу үшін Қазақстанға келуге және ізінше ел экономикасына және отандық нарыққа қаржы салуға ынталандырады деген үміт артылып отыр.
«Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры қазіргі кезде Financial Times, SNN, Bloomberg, BBC, Euronews секілді шетелдік же­тек­ші ақпарат құралдарымен форумды жариялау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. 
«Мұның барлығы жұмыс тәртібінде пысықталуда. Біз кем дегенде 30-40 шетелдік БАҚ-тан журналистер келеді деп күтуде­міз. Бүгінде он шақтысы тіркеліп те үлгерді, – дейді ол. – АЭФ-2019 бюджеті те бекітілді, оған республикалық бюджеттен шамамен 1,4 миллиард теңге бө­лінеді. EXPO ұлттық компаниясы ашық сатып алулар өткізді. Тех­никалық жарақтандыру, безен­діру, рәсімдеу, пиар-сүйемелдеу бойынша үлкен конкурсқа 6 компания қатысты. Тендерлік комиссия бірнеше тәулік бойы отырыс өткізіп, жеңімпазды анық­тады. Оның бағасының, бі­ліктілік талаптары мен тәжіри­бесінің сәйкестігін тексерді. Осылайша, HB TV компаниясы жеңімпаз деп танылды. Барлық ақпарат ашық ақпарат көздерінде қолжетімді», – дейді Руслан Жемков.
Ол осындай үлкен конфе­ренция өткізу үшін республи­калық бюджеттен лайықты қаражат бөлінгеніне сендірді. Тендер нәтижесінше шамамен 100 млн теңге үнемделіпті. Бұл ретте қыруар қаражаттың не үшін қажет болғанын да түсіндіре кетті. 
– Бізде 2 күнде 50 сессия қатар жүреді. Кейде 9 іс-шара бір мезгілде іске асырылады. Осыған орай негізгі өткізу орны ретінде EXPO кешені аумағындағы Конгресс орталық белгіленді. «Хил­тон» қонақүйі екінші қатар­дағы өткізу орны ретінде бекі­тілді. Мұның сыртында, «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығы да үшінші локация есебінде белсенді іске тартылады. АЭФ аясында сондай-ақ «Ритц Карлтон» қонақүйі де пайдала­нылады. «Риксос» қонақүйінде біздің әріптестеріміз кедендік реттеу бойынша форум ұйым­дастырмақ. Яғни, ол да қосымша бір өткізу орнына айналады. St.Regis Astana қонақүйінде Ұлттық банк пен халықаралық валюта қорының Кристин Ла­гард қатысатын сессиясы жүр­мек. Яғни, қаптаған іс-шара, алаң, локациясы бар форум үшін осынша соманың жұмсалуы – сайма-сай деп санаймыз, – деп түйді Р.Жемков.