Жамбыл облысында қылмыс 27,5%-ға азайған, деп хабарлады Polisia.kz.
Ақпан айында тағайындалған Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов екі ай уақытта департаментпен атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Жедел кеңесті ПД басшысы Ж.Сүлейменов өзі жүргізіп, күн тәртібіндегі қаралатын сұрақтарды атап өтті.
Екі айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5%-ға азайған. Атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде бірқатар негізгі бағыттар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілген, - делінген таратылған ақпаратта.
Атап айтқанда:
– аса ауыр қылмыстардың ашылуы 18%-ға;
– кісі өлтіру қылмысының ашылуы 88,9%-дан 100%-ға;
– кісі өлтіруге оқталу қылмысының ашылуы 100%-ға жоғарылаған.
Сондай-ақ, қарақшылық қылмыстарының тіркелуі 20%-ға төмендеп, ашылуы 100%-ға, бұзақылық қылмыстарының ашылуы 50%-дан 100%-ға артқан. Жалпы ұрлықтардың ашылу көрсеткіші 17,1%-ға (75%-дан 92,1%-ға), оның ішінде пәтер ұрлығын ашу 19%-ға (66,7%-дан 85,7%-ға) жоғарылаған.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 29%-ға төмендеген. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандармен жасалынған қылмыстардың 53,8%-ға, мас күйінде жасалынған қылмыстардың 41,9%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Облыс бойынша ауыр қылмыстардың ашылу пайызы 79,2-ні құрады.
Кеңес барысында департамент басшысы қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшыларын тыңдады. Ж.Сүлейменов статистика үшін емес, халық үшін жұмыс жасау керектігін жеткізді. Сонымен қатар, ПД басшысы кейбір басшыға мемлекеттік тілді меңгеру керектігі туралы ескертпе айтты.
Сондай-ақ, жеке құрам арасында жемқорлық деректері анықталса, қызметкермен қатар басшысының жұмыстан кететіні бір бөлек, оны жауапқа тарту туралы тілге тиек етті. Жедел кеңес барысында Ж.Сүлейменов әр аудандық полиция бөлімдерінің басшылары аймақтың жағдайын толық меңгермейтіні туралы да тоқталды. Жалпы қорытындылай келе, атқарылып жатқан жұмыстар мен облыстағы жедел жағдайға оң баға берген ПД басшысы әлі де кездесетін көптеген кемшілікті жою бойынша нақты тапсырмалар берді.