Павлодар облысындағы блокпостта жүк көлігінің жүргізушісінен пара сұраған Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмыстан босатылды, - деп хабарлайды Павлодар облысының полиция департаменті.
Әлеуметтік желілерде Германиядан Семейге кетіп бара жатқан жүк көлігі жүргізушісінен арнайы жасақ қызметкерінің пара сұрап тұрғаны туралы видео тарап кеткен еді.
«2020 жылдың 12 сәуірінде «Теlegram» әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында Германиядан Семейге кетіп бара жатқан жүргізушінің видеосы тарап кетті. Ол Екібастұз ауданының Шідерті кентіндегі №4 санитарлық пост арқылы өткен. Аталған видео бойынша Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов облыстық ПД жеке қауіпсіздік басқармасына қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды», - делінген хабарламада.
Нұрлан Мәсімовтың айтуынша қызметкер жұмыстан қуылады. «Арнайы жасақ қызметкері сөзсіз ішкі істер органдарынан босатылады», - деді ол.
Сонымен қатар оның үстінен ҚР ӘҚБК 449-бабы бойынша (қайыр сұрау) әкімшілік іс қозғалды. Кәсіби тұрғыда әлсіз адамдарды жинап алған командирінің лауазымында қалу-қалмау мәселесі шешілуде.
Жауынгердің намысын таптайтын-ақ жаза. Бірақ олай істесе, ол 5 АЕК (13 мың теңге) айыппұл төлейді не 5 тәулікке қамалады.
Бұл пара алуға жатады. Ол мемлекеттік қызметкер. Бұл баппен ол алған парасынан 20 немесе 60 есе көп айыппұл төлеуі тиіс. Немесе бас бостандығынан айырылады. Төтенше жағдай кезінде істеген ісі жағдайын қиындатуы мүмкін.
Енді қай баппен жазалауды сот шешеді. Жалпы, әдетте қауіпті операцияға жіберілетін, қару ұстаған арнайы жасақ жауынгерінің темекіге тастап кетші деп жалынып тұруы бейшаралық екені сөзсіз.
https://www.facebook.com/aida.jexen/videos/2818342208262488/?t=0