Түркістан қалай ақылды қалаға айналады?
Түркістан қалай ақылды қалаға айналады?
479
оқылды

Түркістан қаласындағы Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысын цифрландыру бойынша «Smart Turkistan» атты форум өтті.

Форумда заман талабына сай цифрландыру бойынша Түркістан облысының даму тұжырымдамасын, қызмет көрсету үлгісін, мемлекеттік-жеке серіктестік қарым-қатынастың оңтайлы үлгілері таныстырылды. Мәселен, ақылды қала аумағы бүгінде қарқынды дамуға бет алып жатқан жаңа Түркістанның бет-бейнесі мен келбетіне өзіндік әсер ететін болады. Яғни, жаңа технологиялар енгізгеннен кейін сән үшін емес, тұрғындар игілігіне қызмет ететін болады.
Шараға Қазақстанның 120-дан аса ІТ-қауымдастық өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сонымен қатар ЖОО мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары мен бизнес қауымдастықтар қатысты.
Форумға жер-жерден келген қонақтар алдымен Түркістанды көркейту мақсатында қарқынды құрылыстар жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, ондағы қызу жұмыстарды көрді және бірқатар мәселелерді талқылады. Жиында IT-мамандар ақылды өңірде қаланы құру бағытындағы инновациялық идеяларын қосып, Түркістанның келешегін талқылады. Алдымен жиынға қатысушылар Түркістан қаласындағы жаңа Ақылды қала тұрғын үй кешендерінің кірпішін қалау рәсіміне қатысты. Онда цифрландыру бойынша «Platonus» ІТ-компаниясының өкілі Олжас Тұрғамбекұлы ақылды қаланы құру мен басқарудың маңыздылығына тоқталып,  өзінің алған әсерімен бөлісті.
– Біз қала тұрғындары үшін ыңғайлы және қолжетімді инфрақұрылымды жасайтын және ақылды қаланы құру мен басқару идеяларын талқылайтын алаңға келдік. Себебі,  бізге осы жерде кірпіш қалауымызды ұсынды.  Бұл, әрине,  күтпеген жайт.  Болашақта Ақылды қала аумағы жаңа Түркістанның бет-бейнесі мен келбетіне өзіндік әсер ететіні анық, – деді Олжас Тұрғымбекұлы.
Одан кейін шара Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет орталығында ұйымдастырылған «Smart Turkistan» атты форумымен жалғасты.
Кездесуде цифрландыру бойынша Түркістан облысының даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Сонымен бірге, халыққа қызмет көрсетуде  мемлекеттік-жеке серіктестік үлгісі ретінде «Vendor Management Office» (VMO) арқылы жұмыс істеудің ашықтығын енгізу жобасы көрсетілді.
Басқосуда Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Ұлан Тәжібаев  форумның Түркістанды дамыту үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Біз есеп беру үшін технологиялар құрмаймыз. Біздің міндет – Түркістан облысының тұрғындарының өмірін жақсарту.  Міне, осы мемлекеттік басқаруда адамға бағдарланған тәсіл қағидасы маңызды, – деді  Ұлан Қалмұханұлы.
Сондай-ақ, форум барысында спикерлер денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік бағыт, көлік және қауіпсіздік, мәдениет, дін және туризм, мемлекеттік басқару, ТҮКШ, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен телебайланыстар бойынша өз идеяларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.