Жергілікті жерлердегі медициналық мекемелердің қызметкерлері коронавирус инфекциясынан сақтану шараларына атүсті қарайды. Бұған еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың өзі көз жеткізді.
Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекованың мәлімдеуінше, Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында бас санитарлық дәрігер Теміртау қаласының инфекциялық стационарына пациент ретінде барған. Ол медицина қызметкерлеріне коронавирус инфекциясының белгілері бойынша шағымданған. Алайда медицина қызметкерлері өздеріне және өзгелерге науқастан вирус жұғуы мүмкін екенін елемеген.
«Медицина қызметкерлерінің сақтық деңгейінің төмен болып жатқанын атап өту керек. Мәселен бүгін мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Серікбайқызы Қарағанды облысына барған кезінде Теміртаудағы инфекциялық стационарға пациент ретінде кіріп шықты. Ондағы қызметкерлер пациентті тексеру барысында сақтық шараларын назардан тыс қалдырды. Науқасты жеке қауіпсіздік құралымен қамтамасыз етпей, қабылдау бөлімін аралатып, дәрігердің қарауына апарды», – деді Людмила Бюрабекова.