Карантин түрлі зерттеуге жол ашты. Мәселен, Yandex компаниясы «Қалалар изоляциясының индексі» атты жаңа жоба бастады. Енді Yandex қызметіне жүгінетін қала тұрғындарының оқшаулану ережесін қалай сақтайтынын бақылауға болады. Бұл сәйкесінше тұрғындардың әрекетін 0-5 балдық индекспен бағалайды.
Жоба бойынша индекс сырыңызды мәлім етуі мүмкін. Балл жоғары болса, ережені сақтап жүргеніңіздің белгісі. Мысалы, 0-2.4 балл – көшеде адам тым көп, 2.5-3.9 балл – көшеде адам көп, 4-5 балл – көшеде өте аз адам/ешкім жоқ деуге болады. Осылайша, компания елдегі қай қаланың карантинді қатаң сақтап жүргенін анықтады.
13 сәуірдегі дерекке сүйенсек, ең жоғары балды Байқоңыр қаласы иеленген – 4.7 балл. Одан кейінгі орында Ақтау (4.6 балл) тұр. Атырау мен Қызылорда 4.4 балл жинаған. Арасында Ақтөбе (4.2 балл), Қапшағай (4.1 балл), Орал (4.1 балл) мен Алматы (4.0) бар. Қарағанды мен Сәтбаевта – 3.9 балл, Семей, Тараз, Теміртауда – 3.8 балл, Жезқазған, Нұр-Сұлтан, Шымкентте – 3.7 балл. Тізімде Көкшетауда 3.6 балл болса, Талдықорғанда – 3.5 балл. Ал ең төмен көрсеткіш Балқаш пен Өскеменде – 3.3 балл.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстандағы жалпы оқшаулану туралы нақты мәлімет емес. Өйткені индекс тек ақпараттандыру үшін жасалған. Яғни, бұл зерттеу Яндекс қосымшасы арқылы жүргізілген.
Мұндай Қазақстаннан бөлек Ресей, Қырғыз Республикасы, Украина, Әзербайжан, Молдова, Беларусь пен Армения қалаларында бар. Индекстегі ең жоғары көрсеткіш Ташкент қаласында 4.8 балл тіркелсе, Дағыстандағы Хасавюрт қаласы (2.7 балл) ең төмен балл жинаған.
Иә, бұл оқшауланудың жалпы сипатын көрсетпесе керек-ті. Өйткені 13 сәуір күні желіде жарияланған видеода Алматыдағы көлік кептелісі таспаланған. Зер салсаңыз, оңтүстік астанада ажиотаж қайта басталғандай әсер қалдырады.