Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған #BizBirgemiz республикалық акциясы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында жалғасын тапты. Ауданның елжанды азаматтары, ірі шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлер игі мақсаттағы іс-шараларға білек сыбана қатысып жатыр.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді береке-бірлікке шақырған құнды мақаласын жариялап, өтпелі кезеңде жұдырықтай жұмылу қажет екеніне ерекше тоқталды. Осы орайда, Үржар ауданындағы барлық ауылдық округте аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлікпен бірге құрбандыққа шалынған мал еті таратылуда, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.
Оның айтуынша, #BizBirgemiz акциясына Бақты ауылындағы әр жылдағы мектеп түлектері, білім ордаларының ұжымы, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, волонтерлар және жерлес спортшылар үлес қосуда.
– Олар тұрғындарға азық-түлік дорбалары мен медициналық бетперде таратты. Жалпы, төтенше жағдай жарияланғаннан бері аудан бойынша 20 млн теңгеден астам қаржы мөлшерінде қайырымдылық шарасы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта игілікті істер жиі ұйымдастырылады, – деді бөлім басшысы.