Халық пен бизнес үніне құлақ түрсек
Әр салада көз қылып жасалған цифрландыру көп адамға кесірін тигізіп жатыр. Қазақстанның салық зерттеулері орталығының басшысы, коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңесші Тахир Оралов бизнесмендердің қиындыққа кезіккенін айтады. Оның мәліметінше, 2019 жыл үшін корпоративті табыс салығы декларациясын (форма 100.00) ұсыну мерзімі бітті. Оны компаниялар не оффлайн, не онлайн тапсыра алмады. «Мемкірістер комитетінің ресми сайтындағы 100.00 нысаны және оны толтыру ережелері Салық төлеуші кабинетінде орналастырылған 100.00 нысанына сәйкес келмейді. Біріншіден, «бұл формалардың қайсысы дұрыс?» деген сұрақ туады. Екіншіден, егер өзекті ереже болмаса, аталған нысанды қалай толтырамыз? Мысалы, Салық төлеуші кабинетіндегі нысан дұрыс болар, демек сонда тапсырайық десек, онда оны толтыру ережелерін қайдан аламыз. Бәлкім, комитет 100.00 формасы мен оның ережелерін жаңартқан шығар, онда ресми сайттағы ережелерін де өзектілендіруі керек еді», – дейді кәсіпкер. Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған қазақстандықтарға 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемді тез арада төлеуді тапсырды. Мұндай мемлекеттік қолдау – әлемде тек санаулы дамыған елде ғана берілген бірегей игілік. Коронавируспен күрес, төтенше жағдай енгізілуі, қатаң карантин және көшедегі қозғалысты шектеу аясында оны рәсімдеу толығымен онлайн жүргізілуі тиіс болды. Алайда бұл игілікті алу жолындағы тауқымет жұртшылықты әбден қажытты. Әсіресе, ауыл-аймақтағы халыққа қиын тиді. Мысалы, ісқағаздарын жүргізу маманы Айгүл Қуанышбаева Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа жазған хатында жергілікті әкімдіктер тұрғындардан өтінішті ескі тәсілмен, қағаз толтырып қабылдап жатқанын жеткізді. «COVID-19 және оған қарсы карантинге қарамастан, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазтай Ұлтарақов ауылдық округіне көрші ауылдан мамандар келуде, олардың көбі Egov порталына кіре алмайды. Адамдар «Egov және Е-халық порталында жұмыс істей білесің ғой? Көмектес» деп менің үйіме де ағылуда, әбден мазамды алды. Көмектеспей қайда барам», – дейді маман. Ақтөбелік Серік Жақыпов дәл төтенше жағдай қарсаңында, 16 наурызда Renault-Nissan салонынан жаңа автокөлік сатып алыпты. Утилизациялық алым ұзақ рәсімделгендіктен, «темір тұлпары» карантинге дейін қолына тимепті. Құжаттар әзір болғанда, авто ХҚКО-лар тегіс жабылып қалды. «Жаңа автомобильді рәсімдеумен автосалон айналысқандықтан қиындық туды. Авто ХҚКО түсіндіргендей, «электронды Үкіметте» заңды тұлғалардың жаңа машиналарды есепке қоюына арналған бағдарлама әзірленбепті. Ақтөбенің «автоцонына» тағы хабарластым, ондағылар төтенше жағдай режимі біткенше, жаңа көлікті рәсімдеу жүргізілмейтінін мәлім етті. Коронавирусқа шалдықпау үшін жеке көлік аса қажет. Сатып алған көлігін ала алмай, сергелдеңге түскен адамдар елде жүздеп саналады. Шенеуніктердің порталдағы тиісті бағдарламаны уақыты әзірлетпеуі отандық барлық автосалондардың берекесін қашырып, жұмысын тоқырауға ұшыратты. Тіпті, көрші Ресейде адамдар еш қиналмай, машинаны онлайн сатып алып жатыр. Біздің шенділер ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанын ұмытып кеткен сияқты», – дейді Серік Жақыпов.Мамандар не дейді?
Карантин ең цифрландырылған салаларға кесір боп жабысты. ІТ саласының маманы Андрей Кузнецов кеңсесі жабылғалы, пұшайман халде. Шалғай аймақта емес, еліміздің ең ірі мегаполисі Алматының Бостандық ауданында тұратын ол «Қазақтелеком» тірлігін сынайды. «Бағдарламашымын, ендеше еш қиналыссыз қашықтан қызмет атқара аламын. Әйткенмен, «Қазақтелеком» азаматтарға ондай мүмкіндік бермейді. Біздің үйге ол 2000 жылдан бері көне ADSL технологиясы бойынша телефон сымы арқылы интернет ұсынып келеді. Бұл технология дамыған елдерде қолданыстан қалған. Қазіргі заманда 500 мегабит/секунд жылдамдықтағы интернет қалыпты саналады. Ал менің үйімде телефон желісімен қосылыс жылдамдығы 10 мегабит/секундтан аспайды. Байланыс үнемі үзіліп қалады, жылдамдық құлдырайды, қосылу пакеті жоғалып кетеді» деген Андрей интернеттің тұрақсыз берілуі кесірінен жұмысын онлайн жүргізе алмағанына жабырқайды. Ол осы ауданға талшықты-оптикалық желі (ТОЖ) жүргізуді сұрап, «Қазақтелекомға» талай жүгініпті. Компания тұрғындарға 8 миллион теңге шығарып, өз қаржысына қосқызуды ұсынған. Бостандық ауданында жеке үйлер көп шоғырланған: тұрғындар осынша шығынды көтере алмайды. Ал ұлттық телекоммуникациялық алпауыт мұндай аудандарға ТОЖ тарту коммерциялық тұрғыдан тиімсіз депті. Осы орайда, сарапшы Президент бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» өзгерер болса, онда «Қазақтелеком» жұмысына талдау жасап, Қазақстанның тұтастай ақпараттық дамуын ұлттық оператордың коммерциялық пайдасынан жоғары қою керек екеніне сенімді. Семен Шестиалтынов Түркістан облысы Түлкібас ауданы Балықты ауылы тұрғындарының атынан ТОЖ жүргізуді сұрап, 10 жылдан бері «Қазақтелеком» табалдырығын тоздырып жүрген көрінеді. «Компаниядағылар өтінішімізге «техникалық ешқандай мүмкіндік жоқ» деп қысқа жауап қайырады. Бірақ дәл қасымыздан осындай желі өтеді. Билік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қарқын алуда деп босқа мақтанады. Қазақстандықтардың көбі цифрлы игіліктерден тыс қалған. Қазіргі қиын жағдайда ауылдықтар әлеуметтік төлемге өтініш беру, Egov-қа кіру, мұғалімдер оқушыларға тапсырма жолдау үшін маған жүгінеді. Бәріне тегін Wi-Fi ұсынуға тырысамын. Дегенмен сапалы интернет болмағасын, барлығына көмектесе алмаймын», – дейді Семен Шестиалтынов.Үкімет тапсырманы орындауға кірісті
Таяуда Цифрлық даму министрі А.Жұмағалиев айтқандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемді алу шарттарын о бастан күрделендіріп жіберген. Нәтижесінде, шенеуніктердің өзі талапты жете түсінбеді және түсіндіре алмады, халық арасында дүрлігіс туды. Мысалы, азаматтар есепшот ашып, карта алу және бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу үшін бастарын қатерге тігіп, банкке кезекке тұрды. Осыған орай, әрбір азамат үйден шықпай, мемлекет төлеміне қол жеткізу үшін Президент Үкіметке оның қадам-қадам бойынша тетігін шұғыл әзірлеуді жүктеді. Мемлекет басшысы төлем карталарын таратуға техникалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілер, меморгандардың бизнес-процесі де дайын болмай шыққанын сынға алды. Карталарды жеңілдетілген түрде шығару ісі әртүрлі сылтаумен созбалаңға салынған. Осылай жоқ жерден өткір түйткіл туындады. Қ.Тоқаев атқарушы билікке 3 күн ішінде төлем карталарын қашықтан алу мәселесін шешуді тапсырды. Ізінше «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов 42,5 мың алу үшін виртуалды карта іске қосылғанын хабарлады. Оның дерегінше, ауыл-ауданда халыққа арнайы шот ашудың негізгі ауыртпалығы Қазпоштаға түсті. Бірақ пошташылар барлық үйге бас сұға алмайды. «Соңғы 11 күнде 285 177 шот ашып, 300 193 адамнан БЖТ қабылдадық. Қазпошта арқылы 45 мың адам осы төлемақысын алды. Бұл жұмыстармен қатар, Қазпоштаның IT және Қаржылық қызметтер департаментіндегі әріптестеріміз онлайн режимде банк есепшотын ашуға мүмкіндік беретін жүйені тез арада іске қосты. Енді төлем картасына немесе шот ашуға тапсырысты смартфоныңыздан онлайн бере аласыз. Бөлімшеге келудің қажеті жоқ. Бүгінде 1 000-нан астам Kazpost Virtual картасын шығарып үлгердік. Оны біздің post.kz сайтында ресімдей аласыз, карта бірден шығарылады. Карта тегін ашылады, пайдалану ақысы алынбайды», – деді Сәкен Сәрсенов.Елдос СЕНБАЙ