Коронавирусты қалай анықтайды?
Коронавирусты қалай анықтайды?
2,263
оқылды
Елордада сәуірдің тоғызы мен 13 аралығында 4766 адамға экспресс тест жасалып, ағзасында вирустың бар-жоғы тексерілді. Солардың 61-нен инфекция анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24». Жалпы мұндай сынамалар қазір Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жасалады. Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсыру үшін алдымен арнайы сайтта сауалнама толтыру шарт. Кейін диагностикалық орталық операторы сізге хабарласып, қай жерге, қай уақытта келу керектігін айтады. Мұндағы тәртіп бойынша төлқұжатты өз қолыңызда ұстап тұрып, көрсетесіз. Сонымен қатар тест тапсыруға келгендер тіркеу терезесіне жақын тұрмау үшін еденге арнайы сары жолақ сызып қойған. Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестті сіздің көзіңізше ашып көрсетеді. Оған тіркеуде берген арнайы штрих код жабыстырады. Содан кейін саусақтан қан алып, оны тестке тамызады. Тексеріс нәтижесі дайын болғанша, тағы бір ақпаратпен бөліссек, бұл тест тегін. Бірақ барлығына бірдей жасалмайды. Тест тапсыратын адамдардың тізімін денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық анықтамаға сай бекітеді. Мұнда алдымен инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтар ескеріледі. Енді тест нәтижесін бірге ашып көрейік. Шынымды айтсам, сәл қобалжу бар. Зерттеу қорытындысы менде коронавирустың жоқ екенін көрсетті. Яғни сақтық шарасы өз нәтижесін берді деген сөз.