Оңтүстік Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Иннің сәуірдегі Қазақстанға мемлекеттік жұмыс сапары аясында еліміздегі түрлі қоғамдық ұйымдармен ғана емес, корей диаспорасының белді өкілдерімен кездескені белгілі.
Кореяның саяси элитасы инновациялардың маңыздылығын, ғылымның араласуын қажет ететін, әсіресе жастардың стартаптық компанияларын құрудың көкейкестілігін анық түсінеді. Ал мұндай халықаралық ынтымақтастық екі жаққа да тиімді болған жағдайда табыстылығы арта түспек. Сондықтан да Оңтүстік Корея Президенті жұмыс сапарының аса тығыздығына қарамастан, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Григорий Алексеевич Мунмен кездесуі маңызды оқиғалар қатарына қосылды.
Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық шын мәнінде дамып, нығая түсті. Ол ауқымды инвестициялық жобаларды, мәдениет пен ғылым саласындағы өзара тығыз байланысты да қамтиды.
«Кахак» корей ғылыми-техникалық қоғамының президенті, профессор Григорий Алексеевич Оңтүстік Корея Республикасының президентімен қысқа кездесу барысында қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жұмыс істейтін іргелі идеялармен бөліскен болатын.
Бұл күндері ҚазҰУ Оңтүстік Кореяның 47 бірдей университетімен және түрлі ұйымдарымен тікелей әріптестік қарым-қатынас орнатып, 52-ге тарта екі жақты мәмілеге қол жеткізіп отыр. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың 2017 жылы Корея Республикасы президентінің екі ел ғалымдарының халықаралық ынтымақтастығына қосқан көрнекті үлесі үшін Құрмет белгісімен марапатталуы да кездейсоқтық емес.
Жоғарыдағы келісімшарттардың ауқымы кең: студенттер мен оқытушылар алмасу, біріккен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, профессорларды дәріс беруге шақырту, PhD-докторанттарының біріккен жетекшілігі. Сондай-ақ инновациялық технологиялар алмасу мен ғылыми-зерттеу істерінің нәтижесін коммерциялау мақсатында, ҚазҰУ орталығы Кореяның жетекші университеттерінің ғалымдары мен мамандарының белсенді араласуы мен қолдауына сүйене отырып, қазірдің өзінде 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұл «Медициналық-биологиялық кластер» және «Инжинирингтің инновациялық кластері мен ғылымды қажет ететін технологиялар» жобалары.
Қай кезде де ғылымдағы жаңалықтардың мойындалып, қолданысқа енуі өте үлкен кедергілерге тап келіп жатады. Ал қазақстандық ғалымдар үшін мемлекеттік басшылар тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегі орасан зор.
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Ұлттық университет ғалымдары кездесу барысында ортаға салынған ғылыми жобалармен нәтижелі жұмыс істеп отыр.