Үкімет мұқтаж жандарға көмекті азық-түлік түрінде емес, ақшалай беру ұсынысын мақұлдады
Үкімет мұқтаж жандарға көмекті азық-түлік түрінде емес, ақшалай беру ұсынысын мақұлдады
© сурет интернеттен алынды
288
оқылды
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бизнес субъектілері қызметінің жекелеген түрлерін қайта бастау мәселесі туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ әкімдер Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаев баяндады. Жеделдікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды заттай емес, жеке тұлғалардың шотына ақшалай қаражатты аудару арқылы беру туралы ұсынысты мақұлдады. «Өңірлердің әкімдіктері ұсынылған тетікке сәйкес, көмекті алушыларға ақшалай қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуі керек. Карта шоттары болмаған жағдайда немесе көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізуді қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.