Атырауда қамыс өртеніп, тұрғындар тұншығып отыр. Желдің жылдамдығы мен жердің батпақ болуы өртті ауыздықтауға мүмкіндік бермей тұр.
Кеше түнде Төтенше жағдайлар департаменті кезекшілігіне қаланың «Элеватор» аумағындағы қамыстың өртенуі туралы хабарлама түскен. Төтенше жағдайлар қызметі құрамы барғанда өрт аумағы болжаммен 2 гектар болған. Оның 700 шаршы метрін сөндіргенмен, жылдамдығы күшті жел өрт аумағын кеңейтіп 7 гектар жерге жеткізген.
Бүгін түсте су толы құрылғымен өртті тікұшақпен сөндіру жұмыстары жалғасты.
– Кеше түнде 2 гектар жер отқа оранып жатқаны болжанса, қазір ол 7 гектарға жетті. Желдің 22 м/с ұйытқуы өрттің бағыттарын өзгертіп өршітіп тұр. Өрт сөндіру техникасының қатты батпақты жерге бара алмауы өртті тез сөндіруге кедергі болып тұр. Қазір өрт аумағында 3 өрт сөндіру техникасы мен 18 жеке құрам өртті сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды, – дейді Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысы Сағынбек Өмірзақов.
Тұрсын Жұмабекқызы,
Атырау облысы.