Qazaq Air компаниясының жаңа ұшағы алғашқы сапарын жасады
Qazaq Air компаниясының жаңа ұшағы алғашқы сапарын жасады
436
оқылды

Бұл әуе кемесі 2017 жылы тапсырыс берілген екі лайнердің бірі

Жақында ғана Qazaq Air компаниясы Канададан сатып әкелген Bombardier Q400 NextGen ұшағы Алматы-Шымкент бағытында алғашқы рейсін жүзеге асырды. Алғашқы сапарға жолаушылардан бөлек отандық БАҚ өкілдері де қатысты.

Бұл әуе кемесі 2017 жылы тапсырыс берілген екі лайнердің бірі. «Жаңа ұшақтарымыздың коммерциялық пайдалануға енгізілуі – Qazaq Air компаниясының аймақ аралық әуе байланыстарының қолжетімділігін арттыру және қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға негізделген даму стратегиясы кезеңдерінің бірі. Алдағы уақытта бес әуе кемесін сатып алу арқылы әуе компаниямыз жақын аралықта өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне көтеріледі» дейді әуе компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әділ Дәулетбек.

Ұшақты Шымкент әуежайы ерекше құрметпен қарсы алды. Алғашқы рейсті тамашалауға жергілікті әкімдік өкілдері мен журналистер де келген.

– Qazaq Air компаниясы жаңа ұшағының алғашқы рейсті Шымкент қаласына жасағаны қуантады. Қаламыз дамып келе жатыр. Қазіргі таңда әуежайда жаңа терминал салынуда. Яғни, келесі жылдан бастап рейстерді қазіргіден 4-5 есе көбірек қабылдауға мүмкіндік болады, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұртай Қайрат.

Ал Qazaq Air әуе компаниясының қаржылық директоры Әділбек Өмірәлиевтің айтуынша, жаңа ұшақтардың сатып алынуының бір ұштығы – Елбасы тапсырмасына негізделген.

– Бұл ұшақтың техникалық деңгейі өте жоғары. Экономикалық тұрғыдан да басқалардан оқ бойы озық. Біздің жолаушыларымыздың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Осы бағытта жұмыс істеу үшін үш негізгі бағытты ұстанамыз. Біріншіден, біз жаңа ұшақтар алдыратын Қазақстандағы жалғыз компаниямыз. Әуе кемелеріміздің орташа жасы үш жылдан аспайды. Барлық бизнес процестеріміз еуропалық және халықаралық талаптармен сәйкес келеді. Тиісті сертификаттарымыз бар. Үшінші бағыт – ұжымымыз. Барша борт серіктеріміз, ұшқыштарымыз, инженерлеріміз Еуропадағы ең үздік мектептерде тәлім алған, – дейді ол.
Алматыға қарай сапарлайтын жолаушылар легі толамын дегенше аялдап тұрған әуе кемесінің ұшу диспетчері Игор Тодоровпен пікірлесіп үлгердік.

– Бұл ұшақтың басты ерекшелігі жылдамдығында. Шымкентке ұшып келемін дегенше сағатына 660 шақырым жылдамдықты ұстап отырдық. Бұрынғы ұшақтарға қарағанда әлдеқайда мықты. Жап-жаңа ұшақ. Өзі жақында ғана Торонтадағы зауытта құрастырылып біткен. Бірден Қазақстанға әкелінді, – дейді Игорь.

Компания басшылығының айтуынша, тапсырыс берілген екінші ұшақ маусым айының басында әкелінуі тиіс.