Автокөлік нарығындағы мәліметтерге қарағанда, отандық автопарктен «қартаю» белгілері білінеді. Яғни, жыл өткен сайын ескі көліктер қатары көбейіп келеді. Өткен жылдың қаңтарында 20 жылды артқа тастаған көліктер саны 38,1 пайыз болса, осы жылдың басындағы деректерден оның 43,5 пайызға жеткенін көріп отырмыз.
Ал 1-3 жыл болған көліктер қатары 4,7 пайыздан 3,2 пайызға қысқарған. Ескі көліктің жиі бұзылатынын, түрлі апатты жағдайларға себеп болатынын, оның экологияға да көбірек зиян келтіретінін бәріміз білеміз. Әйтсе де, «Неге жаңа көлік мінбейсің?» деп ешкімді міндеттей алмаймыз, әркім өз шама-шарқы келгеніне қарай көлік таңдайды. 2019 жылдың қаңтарындағы деректерге сүйенсек, «жасы» жиырма жылдан асып кеткен көліктердің басым бөлігі Алматы облысы, Алматы қаласы мен Түркістан облысында тіркелген. Одан кейінгі орында – Жамбыл облысы. Ал салоннан көлік мінетіндердің көбі Алматы, Астана қалалары мен Ақтөбе облысы тұрғындары екен. Ескі көліктердің көбеюі – автоөндірісті дамытамыз деп алдымызға мақсат қойған біз үшін онша жақсы көрсеткіш емес. Әрине, су жаңа автокөлікті кім тақымына басқысы келмейді дейсіз, бірақ қаржылық жағдайға байланысты оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Дегенмен соңғы жылдары автонесие арқылы армандаған арғымағын тақымдағандардың қатары көбейіп келеді. Автонесие демекші, таяуда көлік сатып алғысы келетіндерге жағымды жаңалық тарады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «7 – 20 – 25» бағдарламасы үлгісінде көлікті несиеге беретін бағдарламаның дайындалып жатқанын айтты. «Былтыр «7 – 20 – 25» бағдарламасын енгіздік. Оның жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Несиені халыққа тиімді ету үшін не істеуіміз қажет? Ұлттық банк аз уақытта азаматтар үшін елімізде шығарылатын көліктерді несие арқылы алу бағдарламасын дайындауға әзір. Жоспарымыз нарықтық экономика қағидасында жүзеге асады. Несие түрі «7 – 20 – 25» бағдарламасының базасында құрылады», – деді Данияр Ақышев. Бұл жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан болатын. Мемлекет басшысы ұсынысты мақұлдап, оның халыққа қосымша жұмыс орнын беретінін айта келе, «Біз тұтынушы мен өндірушіге тиімді болатын несие түрлерін дамытуымыз қажет» деді. – Кез келген несие бизнеске арналса, яғни табыс әкелетін болса, ол – дұрыс қадам. Такси қызметін атқарып, жүк тасымалдап, басқа да көлікке қатысты қызметтерді ұсынып жүргендерге бұл ұтымды болады. Өйткені оның көлігі босқа тұрмайды, үнемі қозғалыста, ақша тауып тұр. Тапқан табысының бір бөлігін несиеге қайтарады. 7 пайыздық несие көлік саласында бұған дейін болмаған. Бұл – өте қолайлы тәсіл. Ал енді көлік тұтынуға, яғни өзі міну үшін болса, жағдай сәл қиындау. Себебі, несиені уақытылы қайтару керек. Ал ол ақша сіздің табысыңыздан кетеді, – дейді Нархоз университетінің доценті Дәуренбек Боқаев. – Ақшасы бола тұра көлікті несиеге алуды құп көретіндер де бар. Олар ақшасының белгілі бір бөлігін көлік сатып алуға жұмсап, қалғанын басқа мақсатта пайдалануды жоспарлайды. Сол үшін бұл бағдарлама көпшілікке тиімді болғалы тұр. Арзан бағадағы несие адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады. Өз көлігімен жүріп, көп шаруаны тындыруға болады. Біреуге үй қажет болса, енді бірі көлік сатып алып, іспен айналысқысы келеді. Әркімнің қажеттілігі әртүрлі. Сондықтан өте құптарлық жағдай. Оның үстіне үйге қарағанда көліктің құны анағұрлым төмен болғандықтан, бұл несиені тезірек төлеп тастауға болады. Мысалы, отандық көліктер алғашқы кезде 1 миллион 300 мың теңгеден сатылған. Қазір 3-4 миллион теңге шамасында десек, оның қайтарымы тезірек болады. Тағы бір ұтымды тұсы – бұл көлік банкте кепілде тұрғандықтан, оны сатуға да жақсы. Егер көлікті сатып алушы ары қарай төлей алмайтындай жағдайға душар болса, оны қалған бағасына сатып жіберіп, банктегі қарызынан құтыла алады. Көлік – күнделікті қажеттілік. Жұмысқа бару, балаңды бақшаға, мектепке жеткізу, үй шаруасын бітіру – бәрі көлікпен атқарылады. Оның үстіне уақыт үнемделеді. Сондықтан жаңа көлікке қол жеткізу көп адамның әлеуметтік жағдайын жақсартады. Қазақстандық өндіріс көтеріледі. Отандық өндірісті қолдауға да бұл бағдарламаның пайдасы тиеді. Жұмыс орындары ашылып, экономика дамып, салық түседі. Мұның мемлекет үшін де тиімдігі басым болмақ. Қолданыстағы көліктердің жаңаруы экологияға да пайдасын тигізеді. Ескі көлік майды түгел жаға алмайды. Жаңа көліктер экологиялық нормаларға сай болады. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, соңғы жылдары ескі көліктерді жою бағдарламасы да іске асып жатыр. Ескі көлікті белгілі сомаға өткізіп, оның орнына өз автозауыттарымыздан несиеге жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Мұның бәрі айналып келгенде оң өзгеріс. Халықтың тұрмысын жақсартуға ұмтылыс деп түсіну қажет. – Жойылуға сатып алынып жатқан көліктерге 150 мың теңге шамасында ақша төленеді. Бұл соншалықты көп ақша емес. Әйтсе де, ескі көліктердің өзі нарықта сол 100-150 мың теңгеге бағаланады. Бұл – мемлекеттің бағдарламасы. Көбейіп кеткен ескі көлікті азайтудың амалы, яғни нарықты реттеу. Осылайша, сатып алатын жаңа көліктің белгілі бір мөлшерін төлеуге мүмкіндік туады. Бұл – дүниежүзінде бар тәжірибе. Соған біздің енді мүмкіндігіміз туып отыр. Қазір елімізде көлік мініп жүргендер аз емес, тіпті кейбір үйде бір немесе бірнеше көлік бар. Осындай бағдарламаларды іске асыру арқылы ескі көліктерден құтылуға мүмкіндік туып, автокөліктеріміз біршама жаңарып қалар еді. Бағдарлама жасалғаннан кейін оның нәтижесін көруіміз керек. Нәтижесіне қарап, оны ары қарай жалғастыруға болады. Бұл қолдайтын әрекет, – дейді экономист. – Ал «7 – 20 – 25» автонесиесін келешекте тек жеңіл көліктерге ғана емес, адам, жүк тасымалдау салаларында да қолдануға болады. Өйткені бұл салалар – мемлекетке табыс әкелетін шетелдің валюта көздері. Басқа елдерге тауар тасымалдау теңгемен іске аспайды. Ол рубль, доллар не евро болуы мүмкін. Ол біздің төлем жүйемізді, алтын-валюта қорымызды сақтауға өзіндік үлес қосады. Мемлекетімізде шетелдік валютаның көп болуы теңгенің тұрақты болуына оң әсер етеді. Біз қаншалықты жүк, адам тасымалдауды дамытсақ, соншалықты экспорттың деңгейін көрсетеді. Мұнайдан шетел валютасы түседі деп мәз боламыз. Ал осы көлік-логистика саласында шетелден валюта алатын елдер де бар. Шетелдік нарықтарға шығатын мүмкіндік болуы керек. Оның үстіне қаншама қаражат жұмсалып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынды. Осы жол арқылы жүк тасымалдауды Қазақстан іске асыратын болса, экономиканың тағы бір секторы жақсы дамиды. Бір жағынан логистика дамыса, екінші жағынан мемлекетке қаржы түседі. Бәрі бір-бірімен байланысты. Қазақстан автобизнес қауымдастығы мәліметіне сүйенсек, еліміз өткен жылы шетел нарығына 2 мыңнан астам көлік экспорттаған. Оның басым бөлігін ЕАЭО елдері сатып алған. Қазақстан автобизнес қауымдастығы төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, жеңіл автокөлікті Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспорттаймыз. Өткен жылы ірі мәмілелер тек жеңіл көліктерге ғана жасалған жоқ, коммерциялық техникалар да болды. Тәжікстан автобус, коммерциялық техникаларды және такси қызметі, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғаларға жеңіл көлік те сатып алған. Осы жасалып жатқан әрекеттің бәрі – отандық өндірісті дамытудың амалы. Бұған жаңа бағдарлама да серпін береді деген үміттеміз.