Қожановтың ерлігі
«Киргиз» болмай, «қазақ» болу – әр қайраткердің арманы-тұғын. 1913 жылы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатов «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен «Қазақтың тарихы» атты мақаласын жариялайды. Бұл мақала газеттің бірнеше нөміріне басылып шығады. Дулатов өз мақаласында: «Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығындағы қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарық әдетіне ыңғайлы қылып, «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан қазақ әдебиеті тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» дей келе, қазақ халқы қырғыз нәсілінен емес екенін айтып, ол барлық мекемеде «киргиз» деген атаудың орнына «қазақ» деп жазуды ұсынады. Одан кейін араға бірнеше жыл салып, Сәкен Сейфуллин де бұл мәселені қозғап, «Еңбекшіл қазақ» газетіне мақала жазады. Ұлт зиялылары армандаған бұл атауды қайтару нақты қалай жүзеге асты? Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаев бұл атаудың оңай қайтарылмағанын айтады. «Қазақ халқының этностық тарихи аталымы ресми түрде 1925 жылғы сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің кезекті 5-ші съезінде қайтарылды. Мұның қалай жүзеге асырылғаны жайында мен Алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізілген репрессиялардың алғашқы толқынында ұсталған, 1917 жылғы Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің мүшесі, 1920 жылғы алғашқы КирЦИК-тің – Қазаткомның мүшесі, Ішкі істер халық комиссарының орынбасары міндетін атқарушы, бүгінгі М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының 1925-1926 жылдарғы тұңғыш директоры, көркемдік жетекшісі, бас режиссері Дінмұхамед Әділовтің ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы желтоқсанда берген көрсетулерінен білген едім. Діншенің айтуынша, съездің аяқталуға бет алған күндерінің бірінде, түскі асты бірге ішкен бір топ делегат арасында байырғы ұстаз, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов сол тарихи құрылтайды түйіндейтін шешімдер, атап айтқанда «киргиз» делініп жүрген қазақ халқының өз атын қайтару және жаңа астананы Қызыл-Орда деп атау жайында ұсыныс айтады. «Қызыл» большевиктерге жағады, ал «Орда» өзіміздің ұлттық атауымыз дейді. Мұны ұнатқан Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, съезді дайындап, өткізу істеріне партиялық басшылық жасаған Сұлтанбек Қожанов түстен кейінгі құрылтай отырысына келген бетте сөз алады да, соларды делегаттар алдында жан-жақты дәйектеп жария етеді. «Киргиз» аталып келген халқымыздың атауын «қазақ» деп тарихи дұрыс түріне алмастыру, «Киргиз республикасын» – «Қазақ республикасы» деп жазу, қазақтың жер-суы, халқы бір шаңырақ астына жинағандағы тұңғыш құрылтайы өтіп отырған Ақмешітті – «Қызыл-Орда» деп өзгерту жөніндегі қаулылар қызу қолдау тауып, бірауыздан қабылданады. Бұлар 5-съездің Қызылордада кітапша болып шыққан стенограммасында ашық та анық жазылған. Ақмешіт съезі ұлттық республика мүддесін көздейтін көптеген маңызды қарар қабылдаған-тын, бірақ соларды түгелге жуық (негізінен халықты жерге орналастыру хақындағы қарарларды) кері қаға отырып, Мәскеудің еріксіз мойындағаны осы тарихи шешімдер еді», – дейді.Тарихи жазбалардағы деректер
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов: «95 жыл бұрын Қазақ совет автономиясының басында отырған қазақтың сол кездегі зиялылары өз ұлтының атын, сонымен бірге республика атауын, қазақтың табиғатына тән қалпына келтіру туралы қаулы шығарды. Бұл үлкен жетістік деп санаймыз. Себебі Ресей империясы Қазақ хандығын жойып қана қоймай, екі ғасырдай қазақтарды өздерінің шын атымен атамай, мазақтап «қырғыз», «киргиз-кайсак», «кайсак» деп бұрмалап келді. Ресейдің көптеген мұрағатында жұмыс істеп жүргенімізде, XVIII ғасырда қазақтың барлығын патша үкіметі «киргиз» немесе «киргиз-кайсак», «кайсак» деп жазғанын оқыдық, көрдік. Бірақ сол кездері қазақтар өздерін қазақ десе де, хаттарда «киргиз батыры», «киргиз султаны», «киргиз ханы» деп тілмаштар аудара берген. Әрине, бір кездері Шығыс Сібірде мекендеп жүрген нағыз қырғыздармен және орыс казактармен шатастырмау үшін бізді «киргиз» деп, ал нағыз қырғыздарды «қара киргиз», «бурут», «дикокаменные киргизы» деп айта бастағаны мәлім. Ресей империясының белгілі ғалымдары мен қазақ сахарасын зерттеген шенеуніктің біразы өз еңбектерінде қазақтарды «қазақ» дейтінін жазып отырған. Мәселен, А.Тевкелев, И.Кирилов, И.Андреев, А.Левшин, С.Броневский, М.Красовский, А.Добросмыслов, В.Радлов, Г. Потанин, Г.Катанаев тағы басқалар. Дегенмен сол заманның бүкіл заңында да қазақтар басқаша айтылып келді. Мысалы, «Устав о сибирских киргизах», «Устав об оренбургских киргизах» тағы басқалар. Тарихи оқиға 1925 жылы сәуір айының 19-ы күні болған еді. С.Меңдешев төрағалық еткен мәжіліске 496 адам қатысады, оның ішінде 65, 5 %-ы түркітілді халықтың өкілі, қалғаны – еуропалықтар (орыс, украин, еврейлер т.б.). Әр облыс өз өкілдерін жіберген. Соның ішінде 51 қарақалпақ болған. 1936 жылға дейін олар біздің автономияның құрамында болғаны белгілі. Дауыс берген делегаттың 93 пайызы – ер азаматтар. Сұлтанбек Қожанов делегаттардың алдына шығып, нақты ұсынысын мысалға келтіріп, киргиз атауын қазақ атына көшіру туралы ұсыныс тастайды. Қожановтың бұл ұсынысына делегаттар тарапынан да қарсылық болмайды. Дауыс бергенде ешкім де қарсы болмай, қазақтарға өз тарихи атауын қайтарып береді. Осы жолмен Киргиз республикасы атауы «қазақ» болып өзгереді. Осы съезде қазақтардың жаңа астанасы Акмешіт «Қызыл Орда» болып өзгертіледі. Ал 1925 жылғы 25 мамырда Жалпыресейлік орталық атқару комитетінің декретімен қазақ қалқының аты мен республика аты жаңа атауымен бекітілген болатын», – дейді.«Қазақ» атауын қалай қайтарды?
Тарихшы Сәбит Шілдебайдың айтуынша, мұндай идея қазақ қайраткерлеріне бірден келе қоймаған секілді. «Өкінішке қарай, Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасының территориясын анықтауға және оны құру туралы декретті шығаруға атсалысқан қазақ қайраткерлерінің ойына патша үкіметінің отарлық саясаты таңған «киргиз» атауын «қазақ» деп өзгерту туралы идея келмеген сияқты. Егер қазақ қайраткерлері тарапынан мұндай ұсыныс жасалса, Москва жоқ демес еді. Оған патша заманында «сарт» атанған «өзбектің» өз атын қайтарып алуы нақты мысал бола алады. Әрине, қиын-қыстау кезеңде территориялық автономия алуды бірінші орынға қойған қазақ қайраткерлерін әбден түсінуге болады. Бір қызығы, 1925 жылға дейінгі орыс тіліндегі ресми құжаттарда «киргиз» деп жазылғанымен, қазақ тіліндегі құжаттар мен мерзімді басылымдарда «қазақ» және «Қазақстан» атауы кеңінен қолданылды. Ең алғаш қазақ халқының тарихи атауын ресми түрде қайтарып, оны дұрыс жазу мәселесін көтерген сол кездегі ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы С.Сейфуллин болды. Ол 1923 жылы 15 ақпанда шыққан «Еңбекшіл қазақ» газетінде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақала жариялап, онда: «Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп ұран тастады. Бұл кезде Түркістан Республикасын ұлттық бірліктерге бөліп, ұлттық-мемлекеттік межелеу жоспарланып жатқандықтан, мәселе саналы түрде кейінге қалдырылған сияқты», – дейді. Сол жылдары күйіп тұрған мәселенің бірі – жаңа астананы бекіту болғаны анық. Ол жайында тарихшы: «Орта Азия мен Қазақстанда болған ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты барысында қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталды. Ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің 1/3-і Өзбек республикасының құрамында қалып қойды. Ташкентті астана ету үмітін Москва үзген ҚАКСР-інде жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. РК(б)П Қазобкомы бюросының Орынбор-Торғай облысын құру және республиканың астанасы ретінде Орынбор қаласын қалдыру туралы шешіміне Қазатком төрағасы С. Меңдешев қарсы болып, ҚАКСР-нің жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды. Ақыры, Ақмешіт – біріккен қазақ жерлерінің жаңа астанасы болып белгіленді», – деді. Сонымен қатар зерттеуші біз сөз етіп отырған басқосудың күн тәртібінде ұлт атауын қайтару мәселесі әу баста болмағанын айтады. Шамасы, қайраткерлер жиын барысында төтесінен көтерген тәрізді. «1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде өткен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамын сайлау мәселесі қалған еді. Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес, күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов қазақ халқына ресми түрде «қазақ» атын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға қызу қолдау көрсетіп, бірауыздан дауыс берді. Осылайша, 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдады», – дейді С.Шілдебай. Суреттер Сәбит Шілдебайдың Facebook парақшасынан алынды P.S.Тарихи тұрғыдан алғанда өткен ғасырдың басында қалпына келтірілген «қазақ» атауын кешегі кеңестік кезеңде барынша орнықтыру үрдісі жүрді. Алайда дүниежүзі қазақ деген халықтың бар екенін онша біле бермейтін еді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен, Елбасымыздың жігерлі іс-қимылының арқасында қазақ халқының аты қайта аспандады. Он миллион қазақтан үш бірдей ғарышкер шықты. Қазақ мемлекеті әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналды. Тұңғыш Президент бастамасымен астанамыз салынды, қазақ елінде қаншама ірі қоғамдық саяси оқиғалар болды.
Бұл күнде жаңарған, жасампаз жолға түскен Қазақ елін төрткүл дүние таниды. Біз қайда жүрсек те, қайда барсақ та, Қазақстан атты мемлекеттің азаматы болғанымызды мақтан етеміз. Бір ғасыр бұрын қайтарылған тарихи атаудың мәңгі өшпейтініне, Мәңгілік ел болу мұратында мақсатқа жететінімізге сенімдіміз.
Гүлзина БЕКТАС