Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры еліміздегі әлеуметтік әлсіз топтардан шыққан отбасыларға 50 мың теңгеден беріп жатыр.
Шара облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаладағы 150 мыңнан астам азаматты қамтиды. Үйлестіруші – Nur Otan партиясы және жергілікті әкімдіктер.
Тиісті министрлік пен қала әкімдігіндегі база бойынша Түркістан қаласынан жоғарыдағы санатқа жататын 4 903 тұрғын анықталып, оларға көмек көрсетілді. Яғни, 4 903 отбасыға 50 мың теңгеден аударылды. Атап айтқанда, Түркістанда аз қамтылған 1 326 көпбалалы отбасы, 819 бірінші топ мүгедегі, мүгедек бала күтімімен отырған 1 014 отбасы, зейнетақысы төмен және аз қамтылған 1 611 зейнеткер, 59 жетім бала, 74 ҰОС мүгедегі мен оларға теңестірілгендер және тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден берілді. Тұрғындар қиын кезеңде қолдау көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Birgemiz қорына және кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Аталған қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген: аз қамтылған көпбалалы отбасылар; I топтағы мүгедектер; мүгедек бала күтімімен отырған адамдар; зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар); жетім балалар және бір асыраушысынан айырылған жетім балалар; ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер; тыл еңбеккерлері.
Бұл – кәсіпкерлердің елге деген қосымша көмегі. Бюджет қаражаты жұмсалмаған. Мақсат – көмекке аса мұқтаж жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу. Аталған қаражат барша тұрғындарға арналмаған. Қаржы шектеулі болғандықтан, жоғарыда аталған санатқа жататын тұрғындарға ғана көмек көрсетілді.
Birgemiz қоғамдық қоры арқылы көмек берілетін 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан Түркістан қаласы ғана енді.