Қазір індет төңірегінде жалған ақпарат көп. Мұны ДДСҰ «біз тек эпидемиямен ғана емес, инфодемиямен де күресіп жатырмыз» деп түсіндірген. Сондықтан қазір дәрігерлер мен ғалымдарға сұрақ көп. Соның бірі көзәйнек пен линза жайында еді.
Ғалымдар осы сұрақ төңірегінде зерттеу жұмысын жүргізген. Нәтижесін Contact Lens & Anterior Eye журналына жариялаған. Офтальмолог ғалымдардың сөзінше, пандемия кезінде көзге линза тағуға болады. Індет линза арқылы жұғады деуге ешқандай негіз жоқ. Ал «линза тағу керек пе, әлде көзәйнек пе?» деген сауалды ғалымдар адамның өз еркіне қалдырады. Әрине, дәрігер кеңесін де естен шығармау керек. Бастысы – санитарлық талапты орындап, линза тағу кезінде гигиена мен тазалық сақтау керек. Мамандар қолды жақсылап жуған соң, линзаны құрғақ қолмен алып, көзге тағуды жөн көреді. Дезинфекция жасау барысында қапшығын сүртуді де ұмытпаңыз. Ал көзәйнекті сабынмен көпіртіп, ыстық сумен жуған абзал.
«Көзәйнек коронавирустан қорғайды» деген ұғым – жалған. Ғалымдар бұл турасында да ғылыми дерек жоғын алға тартады. Олар көзәйнек немесе линза таққанда қолды көзден алыс ұстауға кеңес береді. Көзді ұқалауға, ұстауға болмайды. Сондай-ақ қолмен мұрын мен бетті, ауызды ұстау да дұрыс емес. Ал коронавирус жұқтырған науқасқа линзадан гөрі көзәйнек таққан жақсы екен.
Ғалымдардың мұндай мәлімдеме жасауына пандемия кезінде линза мен көзәйнекке қатысты екіұдай пікірдің көбейіп кетуі себеп болған.