Сайрам ауданындағы дәмхананың бірінен Қызыл кітапқа енген үкі табылды. Аудандық АПБ-ның Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Ботабек және Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Қуандықов экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған үлкен үкіні байқап қалады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Филин үкісі болып шықты. Ол Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Тәртіп сақшылары күдікті тұрғынның Қызыл кітапқа енген құсты қандай мақсатта ұстағанын анықтап жатыр. Ал үй иесі бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын айтыпты. «Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін жануарларды заңсыз ұстағандар үшін 3 мың АЕК дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – деді әкімдіктің баспасөз қызметі.