Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай тестілеу басталды. 10 сәуірде өткен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тестілеу ауқымын айтарлықтай кеңейтуді тапсырды. Осы арқылы мемлекет елімізде шын мәнінде қанша адамның COVID-19 кеселіне ұшырағанын нақты білмек ниетте.
«Тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деді Президент. Оның байламынша, бұл бірінші кезекте азаматтар денсаулығын қорғау үшін қажет. Адамзат SARS-CoV-2 коронавирусын емдейтін бірегей дәрі-дәрмекке әзірге қол жеткізген жоқ. Сондықтан бұған шалдыққан адамдарды өзге қауіпті вирустарға қарсы препараттармен емдеп жатыр. 17 сәуір, түс мезгіліндегі жағдай бойынша дүниежүзінде коронавирус инфекциясына (КВИ) душар болған адамдар саны 2 миллион 200 мыңға жуықтады. Соның ішінде 147 мыңнан астам адам қаза тапты.
Қазақстанда 17 сәуірде, сағат 18:20 жағдайға сәйкес, коронавируспен ауырған 1 498 науқас тіркелді. Бірақ бұл тек әшкереленгендері ғана. Қаншасы дертін жасырып, ел кезіп жүргені беймәлім. Сондықтан оларды анықтап, қоғамнан уақытша оқшаулау – ұлт қауіпсіздігінің мәселесі. Оның үстіне уақытында табылса, бұл ауру емдеуге көнеді. Жағдайды ел Президенті жеке бақылауына алған. Денсаулық сақтау министрлігі адам шығынын барынша азайтуға міндеттелді.
Осы орайда елорда алғашқы болып жаппай тегін тестілеуді іске қосты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова КВИ тегін экспресс-тестінен өту үшін азаматтар елордада өтінімді Smart Astana қосымшасы арқылы жібере алатынын түсіндірді.
– Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, Smart Astana мобильді қосымшасындағы «Медицина» бөлімінде «COVID-19 тестіне тіркелу» анкетасын толтыруыңыз керек. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары келіп түскен өтініштерді оқып, олардың арасынан белгілі бір көрсеткіш-нышандары бар азаматтарды іріктеп алады. Үшіншіден, мәртебеңіздің расталуын күтіңіз. Төртіншіден, «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасының операторлары сізге қоңырау шалып, процедура кабинетіне бару уақытын, орны мен күнін жоспарлайды. Айтпақшы, маска киіп, жеке куәлікпен келу керек, – деді әкімнің орынбасары.
Зертхана қабылдауға жазылғандарды ғана қабылдайды.
Бесіншіден, талдау-анализ нәтижесі анкета толтыру кезінде көрсеткен электрондық поштаға жіберіледі.
«Бұдан бөлек, Smart Astana мобильді қосымшасында «Мен үйде карантиндемін» функциясы іске қосылды. Сырқаттармен байланыста болған барлық тұлға қосымшаны жүктегені жөн. Сонда құзырлы органдар сол арқылы азаматтың үй карантині талаптарын қаншалықты дұрыс сақтап отырғаны туралы ақпарат ала алады», – деді М.Бектұрова.
Мемлекеттік комиссияның жедел штабының дерегінше, әзірге елорда және Алматы қалаларында тегін экспресс-тест тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Қалаған адам анкетаны www.cdl.kz сайтында да толтыра алады. Оның арасынан ДСМ эпидемиологтары ауру белгілері COVID -19 нышандарына сәйкес келетін адамдарды өздері таңдап алады.
Зертханада алдымен температуралық сканер көмегімен пациенттің қызуы өлшенеді. Егер қызуы жоғары болса, анализ жүргізуден бас тартылады. Бұл зертхана қызметкерлерін вирус жұқтырудан қорғау үшін жасалған. Тестілеу арнайы бөлінген емшара бөлмесінде жүргізіледі. Ол жерде басқа адамдардан қан алынбайды.