Арқалыққа да қазақша атау керек
«Қазағы қалың Арқалықта ауыл, көше атаулары әлі орысша» дейді қала тұрғыны Марат Қайсарбекұлы. – Мысалы, қалаға жалғасып жатқан Родина, Новый, Западный, Дорожник, Камышы, Северный елді мекендерін алайық. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді. Таяуда Қарағандыда 10 көшенің атауы өзгеріп, қала орталығы әжептәуір қазақыланып қалған-ды. Сол игілікті істі Арқалық қаласында да жасауға болады ғой. Ескі атаулардан арылайық, – дейді Марат. Ол «Арқалық қаласының әкімдігі, мәслихаты, Ақсақалдар кеңесінің осы бағытта жасаған жұмыстары мардымсыз» дейді. – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді. Көше аттарын ауыстыру әлдеқашан жүруі тиіс еді. Өкінішке қарай, ол мәселе де кешеуілдеп тұр. Енді уақыт өткізе берудің жөні жоқ. 2021 жылы егемен ел болғанымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Соған орайластырып биыл және келесі жылы аймақтағы елді мекен мен көше атауларын жаппай өзгерту қажет. Бұған жергілікті халық дайын деп ойлаймын. Торғай жерінде атын көшеге беруге болатын тарихи орындар да бар. Екідің, Дулығалы мешіті, 1916 жылғы ең үлкен ұлт-азаттық көтеріліс өткен Татыр, Доғал-Үрпек секілді тарихи орындарға лайықты көше атын беріп жатсақ, бұл да аталған жерлердің халық жадында сақталып, біліп жүрулеріне сеп болар еді, – дейді белсенді.Павлодар да көзге түсті
Жақында «Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары, құтты болсын! Қоғамдық тыңдаулардың нәтижесінде облыстың бас қаласында бірқатар көше атаулары өзгертілмек. Маркс, Короленко, Крупская, Киров, Чкалов және тағы басқа кеңес-коммунистік тұлғалармен мәңгі қоштастық. Тариxи әділдік! Өмірдің қызығы – олардың орнына кеңес империясы қырған ұлттық руxани және саяси көсемдер келіп тұр. Әлиxан, Ермаxан, Мәшһүр, Жүсіпбек ағаларымыздың аруақтары риза болсын! Желтоқсанның аты да, өзі де ерекше», – деп Максим Споткай жұртшылықтан сүйінші сұрады. Жөні бар, өйткені басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған Павлодар қаласында 13 көшенің атауы ресми өзгерді. Тіпті, ғимараттар маңдайшасына көше атауы жазылған тақтайшалар қойылып үлгерген. Енді 1 Май көшесі бұдан былай Мәшһүр Жүсіп Көпеев деп аталады. Ал бұрынғы Көпеев көшесіне Ақбеттау деген атау берілді. Сондай-ақ Короленко – Бұқар жырау, Крупская Едіге би көшесі болып өзгерді. Көшелердің жаңа атауына қатысты құжаттар әділет органдарында 12 сәуірде тіркелген. Қазір мамандар басқа да көшелердегі ғимараттарда ілінген тақтайшаларды ауыстырып жатыр. Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі басшысы Батырбек Қайыр: – Кезінде көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық, – деді. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан атауларды қазақыландыру жұмыстарының бір парасы ғана, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім мол. Өйткені бізде Рыбачий, Приканальный, Раздольное, Трансформаторное және тағы басқа атаумен көшелер, Октябрь сияқты аудан, Павлодар, Петропавлск сияқты ескілікті жыр қылып тұрған қала атаулары әлі бар.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ