Елімізде «Астық-2020» жедел профилактикалық іс-шарасы басталады. Бірақ шара басталмай тұрып-ақ, егін егу науқаны қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында жарты тонна бидай ұрланғаны анықталды.
Қызылжар ауданының полиция бөліміне шаруа қожалығының басқарушысы хабарласып, Рассвет ауылындағы шаруашылықта кептіру камерасынан 500 келідей бидайдың қолды болғанын айтқан. Полиция қызметкерлері шаруа қожалығының аумағында бейнекамераның болмағанын айтады. Күзетші ұрлық болған кезде орнында болмаған. Жедел іздестіру іс-шара барысында бидай ұрлады деген күдікпен осы шаруашылықтың екі жұмысшысы ұсталды. Ұрланған бидай олардың бірінің үйінен табылды. Қос азамат бидайды мотоблокпен шығарып, жеке мақсатында пайдаланбақ болған. Қазіргі уақытта бидай заңды иесіне қайтарылды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізіліп, тергеу басталды. СҚО криминалдық полиция қызметкерлері атап өткендей, егін науқанымен байланысты әр қылмыс ерекше бақылауға алынған.
– 27 сәуірден бастап барлық аймақтық бөліністің қызметкерлері «Астық-2020» жедел профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі шеңберіндегі жұмысты бастайды. Осыған орай, заңсыздықтар болмауын бақылаймыз, – деп хабарлады СҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Назаров.