Елімізде шетелдік валютадағы банк салымдарының сыйақысы көтерілді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2019 жылғы 1 маусымнан бастап, доллар мен еуродағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін 2%-ға дейін көтеруге шешім қабылдады.
Қазіргі қолданыстағы ставка бойынша банктер шетелдік валютадағы жинақтарға ең көп дегенде небары 1% ғана жылдық сыйақы қосатын.
Дегенмен аталған қордың түсіндіруінше, бұл өсім тек сақталу мерзімі бір жылдан асатын жинақтарға ғана қатысты болмақ. Мерзімінен бұрын алып қойылатын, сондай-ақ 12 айға дейінгі қысқа мерзімге салынған депозиттердің сыйақысы бұрынғыдай 1 пайыз көлемінде қалады.
Жалпы, 2 пайыздық сыйақы мерзімі 12 ай болатын және одан асатын барлық жинақтаушы да, мерзімдік те салымдарға қолданылады.
Сондай-ақ қор алдағы айдан бастап, теңгелік салымдар үлгісінде, шетелдік валютадағы депозиттердің де үш топқа – мерзімді, мерзімсіз және жинақтаушы болып бөлінетінін мәлім етті.
Бұл қадамға баруға доллар мен еуродағы салымдардың шетелдегі банктерге көптеп кете бастауы да түрткі болғандай. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) түсіндіруінше, шетелдік нарықтар мен қаржылық институттардың нарықтық ставкалары еліміздегі 1 пайыздық сыйақыдан жоғары болып келеді.
Мәселен, қаржыны банктердің өзара тартуының құнын көрсететін LIBOR ставкасы 2018 жылдың наурызынан бері 2 есеге артқан, тиісінше, қазіргі уақытта екі арадағы айырмашылық 1,6 пайыздық тармаққа жетуде. ҚДКҚ белгілеген валюталық депозиттер бойынша шекті мәннің тым төмендігі (1 пайыз ғана болуы) кесірінен, отандық банктердің клиенттеріне ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері тіпті нарықтық мөлшерден де елеулі түрде төмен болып отыр.