Елордада 21 сәуірде жылыту маусымы аяқталады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл мәлім етті.
«Мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 249/36-V шешімімен бекітілген, Нұр-Сұлтан қаласында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу ережелеріне сәйкес, ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы 10°C және одан жоғары болса, жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданады... Нұр – Сұлтан қаласында жылыту маусымы 2019 жылдың 30 қыркүйегінде басталып, 2020 жылдың 21 сәуіріне дейін созылады, ол (205) күнді құрады, яғни жылыту маусымын аяқтау ертеңге жоспарланған», - деді Н. Бәзіл онлайн брифинг барысында.
Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде энергия көздерінде, жылу және электр желілерінде жүйені апаттық ажырату мен бірінші дәрежелі істен шығу секілді жағдайлар тіркелген жоқ.
«Астана-Энергия» АҚ бойынша жылыту маусымы кезеңінде 2 234 млн кВт сағат электр энергиясы және 6 122 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді. Қаланың энергия көздерінде 2 767 мың тонна көмір (37 437 вагон), 5 226 мың тонна мазут (87 цистерна) жұмсалды», - деді басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, «Астана-ӨЭК» АҚ бойынша жылу беру маусымында электр энергиясын желілер арқылы тасымалдау көлемі 2 163 млн кВт сағатты құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға аз (2 184 млн кВт сағат).
«Өткен жылыту маусымында «Астана-Теплотранзит» АҚ 5 527 мың Гкал көлемінде жылу энергиясын беруді және таратуды қамтамасыз етті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға аз (5 671 мың Гкал)», - деді Ернат Бәзіл.