– Мемлекет тарапынан 380 мың тегін тест өткіземіз. Тестілер тәуекел тобына кіретін созылмалы ауруы барларға, қарттарға, науқаспен байланысқан азаматтарға, полиция және медицина қызметкерлеріне арналған. Тестіні тек жекеменшік зертханаларда жүргізеді, – дейді бас дәрігер.COVID-19 індетін саусақтан қан алу арқылы табатын жедел тест те бар. Жедел тест адам қанындағы антиденелерді анықтайды. Антиденелер коронавирус жұқтырған немесе жазылып кеткен адамда болуы мүмкін. Алайда жедел тестілер инфекциясын алдын ала көре алмайды. Сондықтан дамыған мемлекеттің барлығы дерлік тек ПТР әдісін пайдаланады. Жедел тест қан құрамынан IgG/IgM тобына жататын, SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирусқа қарсы түзілген екі түрлі антиденені анықтайды. Антиденелердің бұл түрі аурудың әртүрлі кезеңінде пайда болады. Вирус жұқтырғаннан бір аптадан соң адам ағзасында IgM тобындағы антидене, екі не үш аптадан кейін IgG тобының антиденесі түзіледі. Жедел тест антиденелердің осы түрлерін анықтайды. Адам ағзасынан IgG тобына жататын антиденелер табылса, COVID-19 вирусына қарсы иммунитет түзілді деген сөз. Бірақ мамандар коронавирусқа қарсы иммунитет ағзаны қанша уақытқа дейін қорғауға қабілетті екенін нақты білмейді. Жедел тест кезінде антиденелер анықталмаса, бұл адамның ағзасында коронавирус жоқ дегенді білдірмейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 30 наурызда өткен онлайн-брифингте «қазір бізде 100 мың адамға шаққанда 190 тест бар» деп мәлімдеді. Бір қынжылатынымыз, бұл – әлемдік стандарттан әлдеқайда артта қалған көрсеткіш. Мәселен, 5,3 миллион халқы бар Норвегияда 100 мың адамға шаққанда 1 800 тестіден келеді. Швейцарияда 100 мың адамға шамамен 1 500 тест жүргізіледі. Коронавирус жұқтырған адамдар бойынша дүниежүзінде бесінші орында тұрған Германияда 1 000 тестіден айналады. Алматылықтарға ПТР тест сыйлаған Оңтүстік Корея – тұрғындарды жаппай тексеру жөнінен алдыңғы қатарға шыққан мемлекеттің бірі. Онда тестіні көліктен отырып-ақ тапсыруға жағдай жасалған. Халық саны 51 миллион елде күніне 16-18 мың адам тестіден өтеді. Жүз мың адамға шаққандағы көрсеткіш 850-ге жеткен. Мәселе экономикалық әлеуетте ме? Бір қарағанда, солай сияқты. Дегенмен АҚШ-тағы ахуалға назар аударсақ, қателескенімізді аңғарамыз. Әлемде бірінші орынға мықтап жайғасқан, 327 миллион халқы бар мемлекетте 100 мың адамға небәрі 550 тестіні місе тұтуға мәжбүр. Алтыншы орындағы Ұлыбританияның да оңып отырғаны шамалы. Тұманды Альбионда 100 мың адамға шаққандағы тест саны – 245. 144 миллион халқы бар көршілес Ресейде – 380. Сандарды сараптадық. Енді сапасына көшейік. Қайбір күні Украина, Грузия, Испания сияқты мемлекеттер қытайлық BioEasy компаниясының жарамсыз жедел тестілерін сатып алыпты деген ақпарат тарады. Испанияның сыртқы істер министрлігі тестінің нашар партиясын Қытайға қайтарса, Грузия ойланбастан жаңағы компаниямен келісімшартын бұзды. Себебі тестінің коронавирусты анықтау ықтималдығы 30 пайыздан аспай қалған. Негізі, бұл көрсеткіш 80 пайыздан кем болмауға тиіс. Қытай билігі кінәлі компанияның тест шығаруға лицензиясы жоқ екенін айтып ақталды. Ұқсас оқиға. Ресей Өзбекстанға коронавирус инфекциясын анықтайтын тест жүйесін берді. Коронавирусты мойындамайтын Беларусь басшысы Александр Лукашенко «Вектор» ғылыми орталығы жасаған тест жүйесінің дәлдігі тек 30 пайыз деп сынады. Өз кезегінде Ресей шенеуніктер бұл құрылғыны шетелдік аналогтарынан асып түседі деп мақтады. Қысқасы, әркім өз өнімін қорғаштап әлек. Мұндай тестілерді жасаумен Қазақстан да айналысып жатыр. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ғалымдарын коронавирусты анықтауға арналған отандық тест жасап шығаруымен құттықтады.
«Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін» деп жазылған Президенттің құттықтаухатында.Отандық ПТР тестілердің алғашқы партиясы мамыр айына таман дайын болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растаса да, іс жүзінде сынақтан өтпеген өнімнің тиімділігін бағалайтын күн әлі алда.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ