ҰБТ-ның мерзімі өзгере ме?
ҰБТ-ның мерзімі өзгере ме?
291
оқылды
IV тоқсан аяқталуға жақын. Алда тек жиынтық баға­лау­­дың өткенін күтеміз. Өйткені 9-11-сынып оқушылары қо­­рытынды емтихан тапсырмайды. Ал Ұлттық бірыңғай тес­­тілеудің мерзімі қашан? Әдеттегідей маусымның ая­ғын­да  ма, әлде төтенше жағдай жауапты сынға өзгеріс әке­ле ме? Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқы­­ту кезінде әдістемелік ұста­ным­­дар бекітілген бұйрыққа қол қой­ған-ды. Ресми құжат жү­­­­зінде бі­лім беру саласында бір­қа­тар өз­геріс болады. Бұйрықта жиын­тық бағалау, телесабақ, онлайн-плат­формаларды қолдану мен қо­ры­тын­ды аттестациялау туралы жа­­­­зылған. Иә, осыған дейін 9-11-сынып оқу­шылары аттестат алу үшін емтихан тапсырды. Төтенше жағ­дайға байланысты министрлік 9 (10)-сынып оқушылары үшін қо­­­­рытынды аттестаттау емти­ха­нын, ал 11(12)-сынып оқушылары үшін мем­лекеттік қорытынды аттес­тат­тау емтиханын өткізбеу туралы ше­шім шығарды. А.Аймағамбетов мемлекеттік ем­тиханның болмайтынын мәлім­де­ді. Тоқсандық баға негізінде жыл­дық баға шығарылатынын айтты. Нәтижесінде, бұл баға аттестатқа қойылады. Оның айтуынша, көп­те­ген ел қорытынды емтиханнан бас тартқан. Қазақстан да аталған ше­шімді құп көріпті.  

ҰБТ маусым айында өте ме?

Мемлекеттік емтиханның бол­майтынын естіген елде «ҰБТ өте ме?» деген сұрақ туды. Өйткені ма­­­­мыр айы таяу, соңғы қоңырау сал­т­анаты болмайды, емтихан да күн тәртібінен алынды. Бағалау жүйе­сі бойынша да өзгеріс бар. Сал­дарынан жұрт ҰБТ мерзіміне кү­мәнмен қараған-ды. Ата-ана мен оқушының сұра­ғына Ұлттық тестілеу орта­лығы жауап берді. «Қолданыстағы ере­­­жеге сәйкес, ҰБТ өткізіледі. Мер­зім өзгерген жағдайда, ақпарат ҰТО сайтында және әлеуметтік желідегі ресми парақшада жарияланады. Біз балалардың қауіпсіздігіне 100% се­німді болған жағдайда ғана тес­ті­леуді өткіземіз», – деді олар. Ал жауапты сынның мерзімі жө­нінде министрлік наурыз айы­нан бері мәлімдеме жасап жүр. Алаң­дауға негіз жоғын, одан да дайын­далуға көңіл бөлу қажетін сан мәрте айтты. Орталықта әр пән бойынша  70 нұсқа бар екенін, тү­лектер барынша меңгеріп, ме­желі уақытқа дайын болуын өтін­ген-ді. Тіпті, керек десе жаңа нұс­қа­ларды ақысыз беруге әзір екенін атап өтті. Иә, бас мұғалім айтқандай, оқу­шылар білім жиғанға бекінгені жөн. Өйткені министрлік ҰБТ-ны өткізбеу түгілі уақытын ауыс­тыру­ды ойға алған жоқ. Құзыретті ме­кеме түлектерге ақысыз тест тап­сырып, ҰТО сайтын үнемі ба­қы­лауда ұстауды сұрайды. Олар ҰБТ мерзімі туралы шешімді ма­мыр айына қарай қабылдайды. Жағ­дайды бақылап, керекті шара қол­данады. Онлайн брифингтің бірінде Аймағамбетов: «ҰБТ мерзімі мау­сым айының соңында екені бел­гілі. Сондықтан бүгінгі күні оны әрі қарай ауыстыру туралы мә­селе жоқ. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Мамыр айына қарай эпи­демологиялық жағдайға бай­ла­нысты нақты шешім қабылдаймыз» деген еді. Сонымен, министрлік маусым­ның аяғына дейін оқушыдан тек мұқият дайындықты талап етеді. Олар бұрынғыдай мектеп пен түрлі орталықта білімін шыңдауға мүмкіндік жоқ екенін түсінеді. Бірақ карантин уақытын тиімді пайдаланған түлектің ҰБТ-дан қиналмай өтетініне сенімді.  

Тестілеуді шілдеге шегерсе...

Жоғарыда ҰБТ болатынын, уайымдауға себеп жоғын жаздық. Ендігі мәселе – өтетін күн мен межелі сағат. Неліктен мерзімге мән беріп отырмыз? Өйткені Алматы әкімі халықпен онлайн-кездесуде 1 шілдеге дейін қалада көп адам қатысатын іс-шара өтпейтінін мәлімдеді. Әрине, Нұр-Сұлтан мен Алматы ахуалының ұқсас екенін ескерсек, бас қала да осындай шешім қабылдауы мүмкін. Мұның ҰБТ-ға қандай қатысы бар десеңіз, былтыр тестілеуге 110 мың түлек қатысқан. Бір мекемеге кем дегенде 6-10 мың оқушы кіреді. Егер маусым айына дейін жағдай қалыпқа түспесе, ғимаратқа мұнша адамның кіруі қауіпті емес пе? Сөнуге айналған шоқты қайта үрлегендей болмаймыз ба? Бұл инфекцияның екінші рет тарауына әкелмей ме? Сондықтан ҰБТ мер­зімін шілдеге ысыра тұруға болмас па екен? Бұл ұсынысты мұғалімдердің талқысына салып көрдік. Қоста­ғаны да, қостамағаны да табылды. Биыл ұлттық сынға 135 мыңға жуық оқушы қатысуы мүмкін. Бай­қасаңыз, өткен жылмен салыс­тырғанда көп. Осы тұста ағыл­шын тілі мұғалімі Зарина Жұман­сынқызы оқушы дайынды­ғына алаңдайтынын жеткізді. Кей оқушы мұғалімнің қадағалауымен ғана тыңғылықты дайындалатынын атап өтті. Егер карантин талабы өзгеріп жатса, ҰБТ-ны шілдеге ауыс­тыру жайын құп көреді. Өйткені мектепте жиналар жағдай туса, түлектердің дайындығын көзбе-көз пысықтағысы келеді. Ал Өмір Шыныбекұлының айтуынша, карантин уақытын бас алмай білімді шыңдауға арнаған дұрыс. ҰБТ уақытына келсек, әр нәрсенің өз орны барын қысқа қайырды. «Шілдеге қалдыруды жөн көр­меймін. Себебі талапты балалар дәл қазір уақытты құр жібермей дайындалып жатыр. Карантиннің қашан бітері белгісіз. Маусымда күн ысиды, үй де ысиды. Салдарынан дайындық нашарлай бастайды. Күн ыстықта баланың құлқы болмайды. «Темірді қызған кезде соқ» дегенді ескеріп, уақытында өткені жөн», - дейді тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы. Иә, қазір оқушы зейінін тестке, уақытын білмегенін үйренуге арнап жүр. Білім министрі ҰТО сайтынан керектеріңді алыңдар дегенімен, әлеуметтік желіде ата-аналар сенбі-жексенбі күні сайт­тың жұмыс істемегенін алға тартты. «Басқа саланың «нәтижелі» жұмысының кесірі білім жүйесіне тиетін болды-ау» деп кейідік іштен. Десе де, технология ақауын бөгет көрмей, бар ынтасымен ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушылар баршылық. Соның бірі – № 41 орта мектептің оқушысы Рахат Әбдіманат. Ол биыл енгізілген бір­неше ережені қатаң сақтап, тын­бай тест тапсырып жүр. Оның сөзінше, биыл орта есеппен әрбір 3-ші тест тапсырушы білім грантын қанжығасына байлай алады. Рахат 135 мыңға жуық бітіруші санын 51 164 грант санына бөліп, ойша тұжы­рым жасапты-мыс. Оған ҰБТ-ның қашан өтетіні маңызды емес. Бастысы – білгенінен жаңылмаса болды. Оқушы-мұғалім-ата-ана үштігі қандай жағдай болса да, министр­ліктің шешіміне жүгінеді. Тек алаң­дайтыны – түлектің тағдыры. Мыңдаған оқушының бір мезетте аудиторияға кіруі – індеттің екін­ші рет таралуына әкеле ме деп қорқады. Ендігі қалғаны – мамыр айын күту. Өйткені Білім және ғылым министрлігі ҰБТ жайында маңызды мәлімдеме жасауға уәде берген-ді.  

 width=  Айзат АЙДАРҚЫЗЫ