«Мұны банк қосымшасының «мерзімінен бұрын өтеу» деген жерінен азаюдың орнына, керісінше күнделікті өсіп отырғанынан байқауға болады. Бәрімізге белгілі, аннуитетті кесте бойынша процент төлеген сайын азая түсуі қажет, ал мұнда көбейіп жатыр», – дейді ол.Осыған байланысты заңгер банктің кейінге қалдырған сыйақы сомасын бірден негізгі қарыз сомасына қосуы қаншалықты заңды? Өйткені кейінге қалдыру жөнінде ұсынысқа клиент келіскенімен, клиент пен банк арасында негізгі қарыз сомасын ұлғайту туралы келісім болған жоқ қой дейді. Ең қызығы, кез келген клиент пайыз үстіне пайыз қосылып жатқанын банкке онлайн өтініш бергеннен кейін ғана біледі екен. Мұны көрген клиент «несиемді әдеттегідей ай сайын төлей берейін, шегеруден бас тартамын» десе, олай жасай алмайды. Осы жағдайға байланысты AUDIT бухгалтерлік компанияcының жетекшісі Айжан Балакешова Президентке бейнеүндеу жолдады. Ол да банктердің әрекеті көмек емес, үстеме пайда табу екенін айтады. Осылайша, несие төлеуді тоқтата тұруға өтініш берген халықтың көңілі су сепкендей басылды. Осы тұста атам қазақтың «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген сөзі еске түседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сүйенсек, 5,3 млн қазақстандықтың банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдындағы жалпы қарызы 4,4 трлн теңгеге жеткен. Осы 5 миллионнан астам адамның 1,5 миллионы 14 сәуірге дейін қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінім берген. Ең қызығы сол, біз осы мақаланы жазу барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне осы мәселеге қатысты сауал жолдағанбыз. Өкінішке қарай, жауап келмеді. Агенттікке сауал жолдағаннан кейін 5 күн өткен соң хабарласқанымызда сауалымызды «ұмытып» кеткенін айтып, сауалды не жөнінде болғанын еске салуымызды өтінді. Бұқарамен байланыстың сиқы осы болса, амал не? Ары қарай мазалауды жөн көрмедік. Айтқандай, 16 сәуір күні өткен брифингте агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков: «2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға не-гізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрады», – деді. Бірақ бірнеше күннен бері елдің көкейіндегі сауал – пайызға пайыз қосылып жатқан мәселе туралы ештеңе айтпады. Жалпы, бұл агенттіктің 26 наурыз күнгі несиені шегеруге қатысты шешімін солқылдақ деп бағалаушылар көп. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде онлайн қарыз беретін компаниялардың да қызметі бәсеңдеген жоқ. Олар қазақстандықтарға жылдық 600-700 пайыз ставкасымен қарыз беріп жатыр. Бұл мәселені көтерген Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн кредиттеу компанияларын тез арада тексеруді ұсынып отыр.
«Төтенше жағдай мен карантинге байланысты кірісінен айырылған азаматтар тұтыну несиесін алуға мәжбүр. Микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, үйден шықпай-ақ интернет арқылы несие беретін онлайн компаниялар халықтың шарасыздығын пайдаланып жатыр. Ешқандай құжатсыз дәл сол сәтте несие береді. Интернетте мұндайлар қаптап кетті», – дейді депутат.Оның айтуынша, заңда жылдық тиімді ставканың шекті мөлшері 56 пайыз деп бекітілген. Ал айыппұл мен өсімпұлдың ең жоғары мөлшері кешіктірілген әр күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспауы керек. Азаматтық кодексте жеке тұлғаларға барлық комиссияны есепке алғанда жылдық тиімді ставкасы 100 пайыздан асатын қарыз беруге тыйым салынған. «Соған қарамастан онлайн кредит беретін компаниялар жылдық мөлшерлемесі 100 пайыздан асатын қарыз беруді жалғастырып отыр. Бұл сыйақыдан бөлек, олар түрлі сылтаумен әртүрлі комиссия ұстайды. Салдарынан жылдық тиімді ставка 600-700 пайызға дейін баруы мүмкін», – дейді Аманжан Жамалов. Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселеге қатысты еш шара қабылдамай отырған көрінеді. Мұны А.Жамалов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында да атап көрсеткен. Ұлттық банктен бөлініп шыққанына көп бола қоймаған агенттіктің атына соңғы кезде сын жиі айтыла бастағанын байқап отырмыз. Бұл жақсы ырым емес, әрине...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ