Төтенше жағдай уақытында табысын айрылғандарға берілетін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек екінші рет алғашқы түскен күннен тура бір айдан кейін немесе 30 сәуірге дейін беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев телепродюсер Маржан Бақтиярқызына берген сұхбатында айтты, - деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бұл ай сайынғы төлем, сондықтан екінші рет ақша сол алған уақыттан бір айдан кейін аударылады. Бірақ төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін. Елде төтенше жағдай 30 сәуірге дейін созылатынын ескерсек, сәуірдің соңына дейін бәрі алады», - деп жауап берді ол.
Мәселен, сіз 22 наурызда алсаңыз, енді 22 сәуірде түседі. Екінші рет алуға қайта өтініш берудің қажеті жоқ, алдыңғысы жарайды. Алайда, 15 сәуірден кейін өтініш жібергендерге екі рет төленбейді.
«Егер өтініш 15 сәуірге дейін (15 сәуірді қоса алғанда) берілсе, сөйтіп ақша түссе, азамат екінші рет 42 500 теңге алады. Ал егер өтініш 15-нен соң берілсе, екінші ай үшін ғана алады», - деді Н.Мұқышев.
Сонымен бірге 20 сәуірден кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұмысқа шыққандарға екінші рет әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Себебі, мемлекеттік комиссия шешімімен аталған екі қалада қазір бірқатар кәсіпкерлік субъектілер жұмысын қайта бастады. Министрлік жұмысқа қайта шыққандар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан алады.