Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус таралу жағдайының қашан бәсеңдейтіні туралы болжамымен бөлісті.
«Кез келген инфекцияның шарықтау шегі барын айтып келеміз. Денсаулық сақтау министрлігінің, Үкіметтің дұрыс әрекетіне қарай ол бәсеңдейді. Жалпы көп елде аурудың таралып, бәсеңдеу уақыты үш айды алып отыр. Алайда әлемдегі бір де бір ел әлі де нөлдік деңгейге жеткен жоқ. ҚХР-да жаңадан жұқтырғандардың мүлде тіркелмеген оқиғасы болған. Алайда инфекция қазір әлемнен ешқайда ұшып кеткен жоқ. Айналып жүр. Әзірге жоғалар түрі байқалмайды», - деді Елжан Біртанов Тенгриньюс Instagram парақшасының тікелей эфирінде.
Осы себепті министр коронавирус бәсеңдеген күннің өзінде белгілі бір уақыт ішінде ауруды жұқтыру жағдайы болатынын айтады.
«Сондықтан аурудың өсімін, шарықтау шегі мен бәсеңдеу уақытын үш ай бойы бақылауда ұстаймыз. Алайда мамырдан кейін бәрі орнына келе қалады деп тағы айта алмаймыз. Әлбетте инфекцияның белгілі бір мөлшерде тіркелетіні туралы болжам бар. Біздің міндет – осы жағдайда өмір сүруге үйрену. Себебі инфекция жұқпалы. Халықтың жекелеген санаты үшін ол айқын қауіп туғызуы мүмкін», - деді ол.