Тозығы жеткен тоғызға мұқтаж болмаспыз...
Тозығы жеткен тоғызға мұқтаж болмаспыз...
196
оқылды
Қазақстанның авиа­ция әкімшілігі Bek Air әуе­ком­паниясының лицен­зия­сын қайтарып алды. Бұдан кейін отандық әуе на­ры­ғын­­да жағдай өзгере ме? Бә­се­келестік азайған соң билет­тер қымбаттап кет­пей ме? Тоғыз ұшақтың тоқ­тауы аза­маттық авиация сала­сына қалай әсер етеді? «Қазақстанның авиация әкімшілігі» акционерлік қо­ғамы көрсеткен түзетулерін орын­дамағандықтан, «ҚР әуе кеңіс­тігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 12-бабы 5-тармағына, 16-9-бабы 2-тар­мағының 10-тармақшасына сәйкес Bek Air компаниясының сертификаты кері қайтарып алын­ды» делінген Азаматтық авиа­ция комитеті таратқан хабарламада. Бұған дейін Қазақстанның авиация әкімшілігі Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп Bek Air-дің қызметіне жос­пардан тыс тексеру жүргізіп, өрескел кемшілікті анықтаған. Ком­панияның Rolls Royce авиа­циялық қозғалтқыштарын зауытпен келісімшартсыз пайда­ланғаны белгілі болды. Сондай-ақ басқа да заңбұзушылықтар ашылған. Тексеру нәтижесі ком­панияға жіберілген. Алайда Bek Air басшылығы одан қорытынды шығармаған сыңайлы. Енді компания лицензия алу үшін қай­тадан толық серти­фикаттау рәсімінен өтуі керек. Қа­зақстанның авиация әкімшілі­гінің бас директоры Питер Гриф­фитстің сөзінше, сертификатты жаңартуға 6 айдан 18 айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бұл – ауы мен бауы көп шаруа, ұзақ процесс. Әр кезең сайын тексеру жүргізіледі. Компания қаншама шығынға батады, өйткені лицензияға қол жеткізу өте қымбатқа түседі. – Қазақстанға авиакомпа­ниялар ауадай қажет. Егер Bek Air нарыққа оралғысы келсе, барлық талапқа жауап беретініне сенемін, – дейді Питер Гриффитс. Ал лицензиямен біржола қоштасса ше? Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов бұл жөніндегі жоспарын баяғыда жайып салған. – Отанымызда бізге орын табылмаса, Қырғыз еліне ауы­самыз. Басқа мемлекет болуы да ықтимал. Өмір көрсетеді, – деген. Әрине, жаһандану заманында компанияның мекенжайын өзгерту қиын емес. Бірақ Қазақ­стандағы оқыс оқиғаны естіген қыр­ғыздар лицензияны оңай­лықпен қолына ұстата қояр ма екен? Кім білсін. Жұмасұлтанов­тың өз сөзімен айтсақ, оны да «өмір көрсетеді». Айта кетейік, былтыр 27 жел­тоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air ком­паниясының Fokker-100 ұшағы әуежайдан көтерілгенде апатқа ұшырап, сол маңдағы үйге соғылған. Апаттан 13 адам қаза тапқан. Содан кейін Bek Air қызметіне тыйым салынған-ды. Апатқа ұшыраған әуекемесі 1996 жылы өндірілген екен. Қа­зақстанда 2016 жылы 26 та­мызда құжаты рәсімделген. Ең со­рақысы, әбден тозығы жеткеніне қарамастан, компанияның то­ғыз ұшағына да жарамдылық серти­фикаты берілген. Жалпы, Bek Air құрылғалы төрт рет оқыс оқиға тіркеліпті. 2016 жылы 20 наурызда ком­­пания ұшағы елорда әуе­жайына апатты жағдайда қон­ды. Себебі – механикалық ақау. Ал­дың­ғы шасси ашылмай қалған Fokker-100 бортында 116 жолаушы отырыпты. 2018 жылы 7 наурызда Ақтау әуежайынан көтерілген ұшақ 7 000 метр биікті еңсергенде салонда дабыл жүйесі ойнаған. Экипаж дереу әуежайға оралған. Компания өкілдерінің сөзінше, болмашы ғана ақаудың кесірінен жалған ескерту іске қосылыпты-мыс. 2018 жылы 12 желтоқсанда Bek Air-дің «Астана – Алматы» бағытындағы рейсі сағат 3.00-де ұшып шығып, техникалық ақауға байланысты әуежайға қайт­ты. Сағат 05.30-да ұшақ жөн­делді. Алайда компания рейсті тоқтатуды ұйғарған. Былтыр 18 ақпанда Z92100 нөмірлі «Алматы – Астана» рейсі кешікті. Мамандардың уә­жіне сенсек, жүк тиеу кезін­де Fokker-100 ұшағының фюзеляжы зақым­данған. Ақыры жолау­шылар бір сағаттан кейін резерв­тік борт­пен ұшқан. Бесіншісі – желтоқсанда дүйім жұртты дүрліктірген қай­ғылы апат. Хош. Сонымен, әуекомпания лицензиясыз қалды. Оның бізге келіп-кетері бар ма? – Сертификаттан айырылған Bek Air әуекомпаниясы тасымал­даушы ретіндегі қызметін до­ғарады. Жол жүру билетін сата алмайды. Ішкі туризм нарығында бір тасымалдаушымызды жоғал­тамыз. Әрине, көңіл көншітерлік жағдай емес. Өйткені бізге бәсе­келестік керек. Бірақ ол қауіпсіз және үнемді болуға тиіс. Bek Air босатқан орында жаңа компания ашылар деп күтеміз, – дейді Питер Гриффитс. Бүгінде Қазақстан нарығында 60 әуекомпания жұмыс істейді. Bek Air-ді қоспағанда, оның ал­тауы ел аумағында 52 бағытта тұ­рақ­ты рейсті жүзеге асырады. Атап айт­қанда, Air Astana, SCAT, «Жезқазған-Эйр», «Жетісу», Qazaq Air және «Оңтүстік ас­паны». Сондықтан ұшқыштары серти­фикат­сыз ұшқан, Үкіметке лоб­бистер арқылы ықпал етуді көздеген, аза­маттарға ажал құш­тырған бір ком­панияның құры­ғанынан қыл­шы­ғымыз қисая қой­майтын секілді. Оның үстіне авиация саласы – коронавирустан тым қатты зардап шеккен сектордың бірі. Мәселен, қазірдің өзінде отандық әуекомпаниялары 235 млрд теңге, әуежайлар – 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге шығынға батқан. Сарап­шылар­дың пікірінше, бола­шақта авиақұрылыс саласы құл­дырайды. Себебі ескі ұшақтар босап қалады да, жаңа ұшақтарға сұраныс төмен­дейді. Демек, Bek Air-дің тозы­ғы жет­кен тоғыз ұшағына аса бір мұқтаждық жоқ.  

Ерсайын БАҒДАТ