Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» Үкімет қаулысының жобасын жариялады. Алда Премьер Асқар Мамин қол қойып, бекітеді деп күтіліп отырған бұл құжат біраз қаражат шығынын қарастырады, - деп жазады inbusiness.kz.
«Мәдениет және спорт министрлігіне ...2020 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен 1 149 921 200 (бір миллиард бір жүз қырық тоғыз миллион тоғыз жүз жиырма бір мың екі жүз) теңге мөлшерінде ақшалай қаражат бөлінсін», – делінген онда.
Құжатта осынша қаражат былтырғы 2019 жылғы 12–21 желтоқсан аралығында Италияның Вальтеллина-Валькьявенна өңірінде өткен ХIХ қысқы Сурдлимпиада ойындарында жоғары нәтижелер көрсеткен спортшыларға және олардың жаттықтырушыларына біржолғы төлемдерді төлеуге шығындалатыны атап көрсетіледі.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл қаражаттың спортшыларды қолдау және спорт беделін көтеру үшін қажет екенін айтады. Оның үстіне сурдлимпиялық ойындар – жаһандық пандемияға дейін болған ең соңғы әлемдік сайыстардың бірі. Ал биыл тіпті Олимпиаданың өзі кейінге, келесі жылға қалдырылған.
«Қысқы Сурдлимпиада ойындары – әр мемлекет аса мұқият дайындалатын әлемдік ауқымдағы оқиға. Есту қабілеті зақымданған тұлғалар арасындағы басты спорт жарыстарына спортшылардың қатысуы және жеңіске жетуі мемлекеттің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттырып қана қоймай, сонымен қатар оның әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуының дәлелі саналады. Спортшылар өз жеңістері арқылы әлемдік деңгейде ел мәртебесін көтереді және Қазақстанның спорттық беделін нығайтады. Қолданып отырған шара спортшылардың дайындығын жаңа сапалы, жоғары деңгейге көтеруге, жетекші жаттықтырушы-оқытушылардың күш-жігерін жоғары санатты спортшыларды дайындау міндеттін шешуге шоғырландыруға мүмкіндік береді», – деп қысқаша түсініктеме Ақтоты Райымқұлова.
Қаулы жобасына сәйкес, 1 млрд 150 миллиондай қаржы құлағы естімейтін адамдар арасындағы жаһандық додада алғашқы алты орыннан көрінген ұлттық құрама мүшелері мен олардың жаттықтырушыларына төленеді.
Анықталғандай, Сурдлимпиадада Амангелді Наурызғалиев, Самажан Кеттебеков, Берік Нұрымов, Максим Рожков, Виктор Максименко және Дмитрий Мочальский шахматтан команда болып бірінші орын алған екен.
Денис Клюев сноубордтан 4- орынға тоқтады. Ал Виктор Максименко шахмат блицтен тек бестікке ене алды.
Әйелдер арасында шахматтан командалық жарыста Нина Жуковская, Алмаш Нусерова, Наталья Горохова, Алия Мұратова, Ләйлі Несіпжан, Аслима Абдраманова 5-ші тұғырға табан тіреді.
Бұдан бөлек, құрамына С.Кузьмин, М.Нұрғалиев, Б.Карпенко, ағайынды Адамовтар, А.Абдуллин, А.Плотников, И.Ахметов, И.Юнусов, М.Ахметов, Ж.Искаков, Б.Айдарбаев, А.Жұмағалиев, Б.Кожеков, Е.Алин, И.Дорченко, А.Шадрин, С.Рыжков, Г.Доля, Ғ.Еспаев, Н.Чебышев және Р.Абдусалимов кірген хоккей командасы 5-ші орынды қанағат тұтқан. Олардың әрқайсысына да алған орнына қарай төлемақы ұсынылмақ.
Елена Путинцева және Павел Мельников шаңғымен командалық жарыста небары алтыншы орынды місе тұтты.
Яғни, барлығы 38 спортшыға және олардың 10 жаттықтырушысы Үкімет резервінен ақша беріледі. Бұл ретте мысалы, бапкер Максим Рожков Қазақстанның құрама командасының бас жаттықтырушысы ретінде де, кейбірінде спортшының жеке жаттықтырушы ретінде де осында аталған барлық спорт түрі бойынша сыйақы алатын көрінеді.
Сонымен Италиядағы Сурдлимпиада ойындарында 1-ші орын алған шахматшы жігіттердің әрқайсысына 50 000 доллардан бір жолғы төлемақы беріледі. 4-орын алған сноубордшы Дениске – 14 000 доллар, 5- орын алғандарға – 6 000 доллардан, 6- орыннан көрінген шаңғышыларға 4 000 доллардан төленеді. Жаттықтырушылар сыйақысы да осыған тең.
Сондай-ақ «Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және оны пайдалану қағидалары» бойынша Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған чемпионға – 3 бөлмелі пәтер; күміс медаль жүлдегеріне – 2 бөлмелі пәтер; қола медаль иегеріне – 1 бөлмелі пәтер беріледі. Ол баспана үш мегаполистің бірінен немесе облыс орталығынан ұсынылуы тиіс.