Алматыда өткен онлайн брифинг барысында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин маска тағудың талаптарын айтты.
Оның айтуынша, қалада қазір ең негізгі кәсіпорындар ғана жұмыс істеуге кіріскен. Бас санитар дәрігер жұмысқа шыққан қызметкерлерге барлық ережені сақтау керектігін ескертті.
«Біз өте ауыр инфекциямен бетпе-бет келіп отырмыз. Вирус ауа тамшылары арқылы, тұрмыстық байланыс арқылы, жуылмаған азық-түлікпен де жұға береді. Вирус – біреу, жұғу жолдары өте көп. Ең алдымен тұрғындарға дәріханалар мен азық-түлік дүкеніне барғанда маска мен қолғап киюге кеңес беремін. Сауда орындарында белгіленген қашықтықты сақтауды талап етеміз. Қызметкерлерге міндетті түрде қалта антисептигін алып жүруі керек», - дейді Бекшин.
Сонымен қатар ол көшеде маска тақпауға шақырды.
«Масканы тек ғимараттың ішінде тағуға кеңес береміз. Бізде маска тапшылығы болғандықтан, көшеде маска тағудың қажеті жоқ. Біз масканы көшеде тақсақ, керісінше ылғалдандырып жарамсыз етеміз. Ал ылғалды орта - вирустың көбеюіне қолайлы орта», - деді Ж.Бекшин.