Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 4 күн бойы жарықсыз отырған елорданың іргесіндегі "Лесная поляна" елді мекеніндегі мәселені шешіп беруге уәде етті. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.
"Партияның Ақмола облыстық филиалының басшылығы қалыптасқан ахуалды таразылап, жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, мәселені жүйелі түрде шешу шараларын тұжырымдауы қажет. Адамдар әлдебіреудің салғырттығы салдарынан зиян шекпеуі тиіс, әсіресе төтенше жағдай кезінде мұндайға тіпті де жол беруге болмайды. Партиялық бақылау комитеті бұл мәселені ерекше бақылауға алады", - деп жазды Бауыржан Байбек.
Айта кетейік, шыдамы шегіне жеткен тұрғындар түнде көшеге шығып, наразылық танытты. Айтуларынша, коммуналдық төлемдер уақытында жасалады. Бірақ электр жарығына қатысты мәселе түбегейлі шешілмеген. Ал жергілікті пәтер иелері кооперативі кабельдік желі істен шыққанын алға тартады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарық алғаш рет жексенбі күні өшкен. Одан кейін тек түнгі үште жаныпты. Одан кейінгі күндері жағдай қайталанып тұрған.