ҰБТ-да түлектер арасында 2 метр қашықтық сақталады
ҰБТ-да түлектер арасында 2 метр қашықтық сақталады
© сурет интернеттен алынды
194
оқылды
Коронавирус пандемиясына байланысты биылғы ҰБТ-да санитарлық шектеу шаралары қолға алынады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді. «Тестілеу мерзімі әзірге өзгеріссіз қалып отыр. Оны маусымның 22-сінде бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Егер пандемия салдарынан жағдай өзгерер болса, бұл мерзімді қарастырып, тағы екі аптаға созуымыз мүмкін», - деді Дидар Смағұлов ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында. Сонымен бірге, биылғы тестілеуде түлектердің дене қызуын өлшеу, аудиториядағы адам санын азайту сынды қауіпсіздік шаралары қарастырылады. «Тестілеуде әдетте бір аудиторияда 100-150 адам отыратын. Қазір 50 адамнан отырғызуды ұйғардық. Эпидемиологиялық жағдай қиындаса, 30 адамнан, тіпті 25 адамнан қалдырамыз. Әр түлектің айналасында 2-2,5 метр қашықтық сақталуы керек. Ол үшін аудандарда ғимарат жеткілікті, барлығын есептеп шықтық. Еш қиындық болмайды», - деді Д. Смағұлов. Бұған дейін Дидар Смағұлов ҰБТ-ға 11-сыныптың төртінші тоқсанынан жаңа сұрақтар болмайтынын түсіндірген еді.