Еуразиялық Одақ елдері COVID-19 пандемиясынан кейінгі дағдарыстан шығудың тетігін іздеп жатыр.
Экономикалық сарапшылардың пайымынша, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Молдавия елдері қал-қадерінше дағдарыстың алдын алуға осы кезден қамданды.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, халықтың тұрмысын қайта түзеу мәселесіне жіті мән бермеске амалы жоқ. Әсіресе, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саланы жан-жақты дамытудың жолдарын қарастырып жатыр.
Әлемді жайлаған пандемиядан Қазақстан экономикасына да ауыртпалық түсті. Қиын-қыстау кезеңде Президенттің шұғыл шешімдері тіпті бұған дейін де тұралап қалған салаға жан бітірді. Кемшіліктер судың бетіне қалқып шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев посткеңестік елдердің ішінде ең бірінші Қазақстан экономикаға төнер қауіптің алдын алғанын да айтып өтті.
Президент дағдарысқа қарсы мәлімдемесінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілетінін жеткізді.
[caption id="attachment_38291" align="alignnone" width="1356"] Фото: akorda.kz[/caption]
«Бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады. Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек», – деп шегеледі.
Одаққа мүше елдердің ішінде Қазақстан экономиканы дамытуда көш ілгері деп жазды www.ng.ru. Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің шамамен 8,6% экономиканы дамытуға бағытталған. Ал бұл көрсеткіш Ресейде – 5% болса, Армения 3%-тен де аз (Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Дания ЖІӨ-нің 13%-ін экономиканы дамытуға бағыттап отыр).
Осыдан-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде пандемия мен экономикалық дағдарыстың алдын алуда үштігін Қазақстан бастап тұрғанын аңғару қиын емес. Зерттеулер көрсеткендей, бірінші – Қазақстан, екінші – Ресей, үшінші орында – Армения.
[caption id="attachment_38292" align="alignnone" width="1200"] Фото: Интернеттен алынды[/caption]
Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар жан-жақты зерделеніп барып, іске асып жатыр. Оның ішінде, төтенше жағдайда жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем төлеу, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту, қазақстандықтардың кредитін төлеуді кейінге шегеру кезең-кезеңімен іске асып жатыр.
Одан бөлек, Президент шағын және орта бизнесті үш ай мерзімге салық және өзге де міндетті төлемдерден босату керек екенін айтты.
Сонымен қатар Тоқаевтың «Мен банктердің жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймын» дегені де бекер емес.
Сондай-ақ аласапыран шақта «Бұл ретте халықты алаяқтықтан сақтандырып, салада тәртіп орнатудың маңызы зор», – деп елдің қауіпсіздігін де қаперде ұстауды қатаң ескертті.
Қазақстанда 16 наурыздан бері коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» экономикалық дағдарыстан шығу өз қолымызда.
Ал Еуразиялық Одаққа мүше елдер арасында тығырықтан кім бірінші шығады? Бірінші болып қай ел еңсесін тіктейтіні уақыттың еншісінде.