Мақсатымыз – үйді артық заттан босату
Мақсатымыз – үйді  артық заттан босату
204
оқылды

Ардақ Әбіжанов Қазақстанға алғаш селф-сторадж жобасын енгізген. Жеке сақтау қоймасы қызметі Еуропа мен АҚШ-та үлкен сұраныста. Адамдардың үйін, пәтерін, балконын артық заттардан босатуды қолға алған ол әріптесі Алмаспен бірге ZIP Sklad жобасын бастаған. Алматылық жігіт UIB, Warwick Business School бизнес мектеп­терінде білім алып, SB Capital және Ордабасы груп мекеме­лерінде жоғары қызметте бол­ған. Бала кезінен кәсіппен айналысуды мақсат еткен ол жолдастарымен одан басқа Mama’s , Evolve секілді жобалар­дың негізін қалаған. Жұмыстарымен танысу мақсатында кәсіпкермен әңгілесудің орайы келді.

– Ардақ, ZipSklad деген атаумен селф-сторадж жобасын Қазақстанға алғаш енгізгеннің бірісіз. Жеке сақтау қоймасы қызметін бізге әкелуге не түрткі болды?

– Жалпы, саяхаттап жүргенде ойға көп нәрсе келеді. Оған қоса, шетелде жиі боламын. Ол жақта босқа жүрмей, біздің елге әкелетіндей артықшылық­тарды қарап жүретін әдетім бар. Соның бірі – Self-storage, бұл жеке сақтау қызметі. Мұның басты ерек­шелігі – кез келген адам өзіне қолайлы жерден, таза, қауіпсіз, тәулік бойы wi-fi қосыл­ған әрі күзеті бар қойманы жалға ала алады. Ондай жерді тек қойма емес, офис ретінде де қолдануға болады. Мәселен, АҚШ-та осындай қоймалар 60-жылдардан бар. Еуропада да жақсы дамыған. Big Yellow деген британдық компанияны алып қарай­тын, олардың Лондонда алып жатқан қоймасының көлемі 320 мың шаршы метр екен. Оның үстіне 1 миллион дол­лардан астамын АҚШ-қа қаржы­ландырды. Жалпы, әлемде мұндай қой­ма жақсы сұраныста. Қол­дану­шының көбі оған қолданбайтын за­тын, жиһазын, құжат архивін сақ­тайды. Ал бізде ол мақ­сатта әлі күнге дейін балконды, гаражды қолданады. Осы жобаны посткеңестік аймақта ең бірінші болып 2009 жылы Ресей әкел­ген. Жеке қойманың не үшін керек екенін, қолайлығын түсіну үшін адам­дарға уақыт керек болды. Сол процесс әлі де жалғасып келеді. Бүгінде Ресейде қойманың 50 пайызы жұмыс істеп, олар 90-95 пайызға толып тұр. Міне, ресейлік және британдық әріп­тестердің тәжірибесін зерттей келе, Қазақстанға да осы жобаны енгізуді шештік. Мақсатымыз – қа­зақ­стан­дықтардың үйін артық заттан босату. Сонда әр адамның пәтерін барынша жайлы етуіне мүмкіндігі болады.

– Мүмкін бұл жоба шетелде жақсы жұмыс істейтін шығар. Ал бізде сұраныс бар ма?

– Бүгінде адамдардың қызығушы­лығы күннен күнге артып келе жатыр, оған сенімдімін. Жұмыс істеп жатқа­нымызға екі жыл болды. 2018 жылдың соңында екінші қойманы іске қостық, үшіншісін қоспақшымыз. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласына шығу жоспарда бар. Бәріне уақыт керек. Өйткені уақыт өте адамның ойы да өзгереді, ескі әдеті де артта қалады.

– Бұл жоба қаншалықты табысты, шығынын ақтады ма?

– Жоба өзінше қызықты әрі та­быс­ты. Меніңше, кез келген бизнесті дұрыс басқарып, тынымсыз жұмыс істесең, табысқа кенелесің. Егер жолын таба ал­масаң, қателік те көп болады. Шығынға ұшырайсың.

– Қандай бокстар сұраныста, олар­дың ба­ғасы қандай? Оны қарапайым адамның қалтасы көтере ме?

– Көбіне сұраныста – шаршы метрі 2-де 10-ға дейінгі аралықта. Одан да үлкен көлемдегі бокстарды кішігірім кәсіпорындар, заңгерлік компаниялар интернет дүкендер алады. Ақшасы жа­ғынан да тым қымбат емес. Бір айға – шаршы метрі 11 мың теңге. Артық заттың бәрі үйдің бір бұрышында шаң басып, үйіліп тұрғаннан гөрі, бөлек жерде тұрғаны дұрыс емес пе?!

– Өткен жылы әлемге белгілі Oceanman жобасының баламасы Evolve-ты жасап, суға жүзуді қолға алыпсыз. Біздің елде жасауға не себеп болды? Білуімізше, бұл қайырымдылық емес, коммерциялық жоба емес пе?

– Біріншіден, спорт – хоббиім. Екіншіден, өзім жүзумен айналыса­мын. Шыны керек, бұл жобаға аяқасты келдім. Oceanman жобасының был­тырғы маусымына қатысқан жолдас­тарым, қазіргі серіктестерім түрткі болды. Бірде бас қосып отыр­ғаны­мызда, сол жоба жайында сөз қозғап, бізде неге жасамасқа деген ой келді. Бұл жобаға өзіміз қаржы сал­дық, сон­дық­тан 100 пайыз коммер­циялық жоба. Алғашқы жарысымыз Бурабай көлінде болды. Көлдің бас-аяғына дейін 4 шақырым жерін қа­тысу­шылар жүзіп өтті. Түрік каналы түсіріп, бүкіл әлемге тікелей эфирде таратты. Осы арқылы еліміздегі әдемі табиғатты көр­сете алдық. Ал көрікті жер­ге келетін ту­рист те көбейеді. Міне, біздің мақсат осы еді. Бұл жер­дегі мақсат ақша тауып, пайда көру емес. «Ел-елдің бәрі жақ­сы, өз елің бәрінен жақсы» демей ме қазақ?! Сонымен қатар халыққа са­лауат­ты өмір салтын ұстануды үлгі етпекпіз.

– Алғашқы жарысты ұйымдас­тыруда қандай да бір қиындықтар болмады ма? Жалпы, жылына қанша жарыс ұйым­дастыр­мақшысыз?

– Ұйымдастыру жұ­мыстары жо­ғары дең­гей­де болды. Бұл жа­рыс біздің ғана емес, қатысушы­лар­дың да та­рихында қалды. Себебі, Бу­ра­байды рес­ми түрде жүзіп өтті. Негізі осын­­дай ша­раны жы­лына 3-4 рет өткізуді жос­парлап отырмыз. «Асықпаған арбамен қоян алады» демей ме, бәрін уақыт көрсетеді.

– Бұған кез келген адам қатыса ала ма? Ол үшін не істеу керек? Қауіпсіздік жағы қалай болмақ?

– Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, жалпы ере­желерге сәйкес стандартты шектеулер бар. Біз одан бас тартқа­нымыз жоқ. Қауіпсіздік бойынша көрсетілген халықаралық ережелер мен стандарт­тарды ұста­намыз. Мәселен, суда жүзушілердің жанында қайыққа мінген адамдар жүреді. Қатысу­шының қол-аяғы тартылып, жағдайы нашарласа, судан шығарып алып, жағада тұрған жедел жәрдемге жеткізіледі. Алғашқы көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Тіпті шара төтенше жағдайда қыз­меткерлердің бақылауында. Ары қарай жүзуін жалғастыру не тоқтатуы өз еркінде.

Жасы 18-ге толған кез келген адам қатыса алады. Адам жасына ешқандай шектеу қойылмаған. Бастысы, кәме­леттік жасқа толуы керек. Әлемде осындай жарыстарға 80 жастағы қариялардың да қатысқаны бар.

– Бала кезіңізде нені армандадыңыз? Жиһанкез екеніңізді білеміз, дегенмен өзіңіз жайында айтып берсеңіз?

– Адам болған соң, уақыт өткен сайын өмірге деген мақсатың да, арманың да өзгереді. Сол сияқты арман-мақсат әр кезеңде әртүрлі болды. Бірақ үнемі бизнесмен болуды ойлаппын. Бастапқыда, студенттік шақта жолдастарыммен бірге кәсіп ашып көрдім. Алайда кәсіппен шындап айналысу үшін тәжірибе жинақтау керегіне көзім жетті. Ол уақытта универ­ситетте «Үлкен төрт­тікке» жататын компаниялар болатын. Соған түскім келді. 3-курста Deloitte компа­ниясының грантын жеңіп, 19 жасымда сол компа­нияның аудит бөлімінде жұмыс істедім. Қызметте де өстім. Ол кезде қолыма әлі диплом тимеген. Артынан PWC компания­сында ішкі аудитпен айналыстым. Негізінен капиталды алып-сату ісін жүргізу және кеңес беру бөлімінде жұмыс істедім. Сөйтіп, «Үлкен төрт­тікке» жататын компанияларда 6 жылдай істеп, үлкен тә­жірибе жи­нақ­тадым. «Верный капитал» ком­па­ниясында жүргенімде елімізге қатыс­ты ірі ке­лісімдерге атсалы­сып, білікті маман­да­рымен істеуім көп нәрсені үйретті. Кейін SB Capital және «Ор­дабасы груп» мекеме­лерінде жоғары қыз­мет­те бол­дым. Сол «Ор­­да­басыда» жүріп, Mama’s, жылдам әрі дұ­рыс тамақтану тізбегімен ай­налыстым. Бұл – алғашқы жобам. Алмас Алдығап­паров­пен және екеу­міздің ортақ танысымызбен жасадық. Жо­ба­мыз тоқтап қалған жоқ, жүріп жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Анар ҚОНЫС