Тұрмыстық техника саудасы да нашарлады
Тұрмыстық техника саудасы да нашарлады
442
оқылды
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгелі азық-түлік саудасы артты. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер шектеулі баға қойылған әлеуметтік маңызды тағамдардың бағасын көтеріп жіберген. Бұл мәселе Үкімет отырысында сөз болды. Премьер-Министр Асқар Мамин кейбір нарық қатысушыларының төтенше жағдайды пайдаланып жатқанын сынға алды. Елімізде электроника мен тұр­мыстық техникалар сататын 20-ға жуық ірі сауда дүкені бар. Бұл сауда дү­кендерінің көшін Technodom, Sulpak, Mechta секілділер бастай­ды. Қа­зақстан сауда желілері одағы олар­дың соңғы 1 айдан астам уа­қыт­та 120 млрд теңгеге жуық қара­жат жо­ғалтқанын айтып отыр. Одақ осы мәселені айтып жуырда Үкі­метке хат жолдаған болатын. Ал біз сауда дү­кендерінің қанша шы­ғынға ұшы­ра­ғанын зерделеп көр­дік. Наурызда карантин режимі ен­­гізілгенде әр сауда дүкені жұ­мыс­қа шық­қан қызметкерлерінің жа­ла­қы­сын 20 пайызға көтеруге мәжбүр бол­­ған. Тек өңірлерде өздеріне тиісті сау­да орындарының желісіне де­зин­фекция жасау үшін компаниялар 400 млн теңгеден астам шы­ғын­дал­ған. Көп ұзамай электроника сау­да­сымен айналы­сатын ком­па­ния­лар­дың барлығы дү­кендерін жауып, тауар­ларын бі­рыңғай онлайн саты­лым­ға шы­ғар­ды. Бірақ онлайн саты­лым алаңында тауар алмаса да, ба­ға­ны көріп, қызықтайтын қол­да­ну­шы­лардың саны карантин кезінде 6,1 пайызға төмендепті. Яғни, ха­лық­тың электроникалық заттарға сұ­ранысы бәсеңдеген. Дегенмен бұл тұс­та тағы бір мәселе бар еді. Отан­дық нарықтағы несиеге сатылған бар­лық өнімнің 45 пайызын элек­тро­­ника мен техникалық тауарлар құрап отыр. Осыдан-ақ аталған сау­да дүкендерінен клиенттер тауар­­­ды қолма-қол емес, несиеге ала­­­тынын аңғаруға болады. Қол­ма-қол сауда жасаушылар са­нау­лы-ақ. Бұл – сауда үшін айтар­лық­тай кедергі. Со­нымен сауда дү­кен­дері өкілдері өз­деріне төнген дағ­да­рыс кезеңіне қа­тысты не ай­та­ды? Technodom сауда дүкенінің жыл сайынғы табысы 200 млрд теңгеге жуықтайды. Мұндай ал­пауыт сауда же­лісі үшін бұл кезең қиынға соқ­қа­нын аңғардық. Атал­ған электроника және тұрмыстық тех­ника дүкені өкілі Анна Ор­лова­ның айтуынша, түрлі амалға қа­ра­мастан, тұтынушы аз екенін ай­тады. – Дүкендеріміз қазір ашық емес. 27 сәуірде Мемлекет басшы­сы жа­са­ған үндеуге орай жергілікті әкім­діктер тұрмыстық техника мен электроника дүкендерін ашуға рұқ­сат беріп жатыр. Алдағы уа­қыт­та дүкендерді біртіндеп аша­мыз. Әзірге тек онлайн сауда жасап жа­тырмыз. Бірақ клиенттер аз, жоқ деп айтсақ та артық емес. Түсім бол­­масы онсыз да белгілі. Сол се­беп­ті жақында ой­лана келе жаңа мүм­­кіндігін қарас­тыр­дық. Halyk bank-пен бірлесіп тұ­тыну­шы­ларға тауарды 3 айдан 24 айға дейін пайыз­сыз бөліп төлеп алу­ға жол аш­тық. Сұраныс сонда да кө­бей­мей тұр. Халық әлеуметтік жағ­дайын ойлап отырған сияқты. Ком­­пания шығынын әлі де нақ­ты­лау керек. Бірақ шығынның ор­нын карантин бітіп, бәрі дұрыс­тал­са да ке­мінде 2-3 айсыз толтыру мүмкін емес, – деді дүкен өкілі. Ал «Белый ветер» сауда дүкені Тал­­ғат Исатаев болса: – Карантин басталғалы бері та­­быс жоқ десек болады, шын­ды­ғын айтсақ, 30 сәуірге дейін дү­кен­деріміздің барлығы жабық тұрады. Сауда жүріп жатқан жоқ, – деді. – Қазір дүкен іс жүзінде жабық. Тек онлайн тапсырыстармен жұ­мыс істеуге тура келіп тұр. Бізде ба­­ға ауқымды дүкендерге қара­ған­да біршама төмен, орташа есеппен 20-30 пайызға арзандау. Сол себеп болса керек, аз да болса қолма-қол сау­­да үшін онлайн сатылымдар түс­­ті. Бірақ жалпы табыстың 50 пайы­зын жоғалтып алдық, – деп атап өтті Еlis электроника мен тұр­мыстық техника шағын дүкенінің өкілі Фарит Шаяхметов. Ал Alser сауда дүкенінің ма­маны Әйгерім Ахметова болса: – Біз де басқа дүкендер секілді он­лайн сауда жасап отырмыз. Банк­тер несиеге тауар беруді то­лық­тай тоқтатты деуге болмайды. Қаржылық әлеуеті жоғары, сенімді азаматтарға несие әлі де рәсім­де­леді. Бірақ сұраныстың төмендеп кеткені шындық. Басқасын нақты айту қиын, бірақ шамамен 50-70 пайызға дейін табысымыз құлды­рады. Сондықтан сырттан тауар та­сымалдап жүрген жоқпыз, – деді. Сәуір айының орта ширегінде кәсіпкерлер жағдай осылай жал­ғаса берсе, елімізде бөлшек сауда банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ Қазақстанда ка­ран­тин режимі жеңілдеуінің арқ­а­сын­да жағдай реттеле бастады деуге болады. Себебі банктер, электроника мен тұрмыстық тех­ни­ка дүкендері біртіндеп ашылып, сақтық шараларын орындап, қа­лыпты түрде жұмыс істей бастайды. Алайда Қазақстан сауда желілері одағының төрағасы Азамат Осман жағдайды толық тұрақталды деп айту ертерек екенін жеткізді. – Айналымдағы ақшаның же­тіспеушілігі қызметкерлер жа­ла­қысының төленбеуіне, банк пен тауар жеткізушілердің алдында жауапкершілікті орындай алмауға мәжбүрлейді. Біз ашықхатты Үкі­метке сәуір айының ортасында жол­дадық. Хатта карантин 1 ма­мыр күні аяқталған күннің өзінде дағдарыстан шығу үшін 6 ай уақыт керегін айттық. Ал бұл аралықта сауда айналымы 400 млрд теңге шығынға батуы мүмкін екенін де жасырмадық. Онда сіз айтып отыр­ған тұрмыстық техника сату­мен айналысатын Technodom мен Sulpak мәселесі де бар. Карантин мерзімі тағы созылды. Дегенмен жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мем­лекет тарапынан салық бойынша жеңіл­діктер жасалды. Алда не бо­ла­рын бақылаймыз, – деді төраға. Қысқасы, электроника мен тұр­мыстық техника дүкендері сау­да-саттық жасауға рұқсат алғаны­мен, тұтынушының дүние алатын ниеті мен мүмкіндігі көңілдегідей бол­майтын тәрізді. Өйткені дәл қазір электроникадан гөрі азық-түлікке сұраныс молдау болып тұр­ғаны жасырын емес.  

Мадияр ТӨЛЕУ