Бірі қашып, енді бірі жоғалды...
Бірі қашып, енді бірі жоғалды...
388
оқылды
Алматы облысының Ескелді ауданында әке-шешесін зар жылатып, екі оқушы қыз бала қаңтардың 21-і күні із-түзсіз жоғалып кетті. Ата-анасы, туған-туыстары ғана емес, бүкіл аудан болып жұмыла іздеді. «Балалар табылды!» деген сүйінші хабарды естігендер олардың Алматы қаласынан бір-ақ шыққанын білді. Олар мектептен кейін үйге қайтпай қалу себебін Алматы қаласын көргіміз келді деп түсіндірген екен. Бұл қуа­нышты хабар болғанымен: «Бұл жас балалар қалаға қалай жетті? Мегаполиске кіммен келді? Қайда және кіммен тұрды?» деген сұрақ әркімнің миын тұмшалағаны рас. Иә, бұл оқиға сәті­мен аяқталды. Ал үйінен шығып, қайта оралмағандар қанша?  

Қанша адам іздестірілуде?

Құқықтық статистика жә­не арнайы есепке алу ко­митетінің хабарлауынша, ха­бар-ошарсыз жоғалған 2 247 адам іздестірілуде екен. Жалпы, қазіргі уа­қыт­та 11 133 адамға іздеу са­­лын­ған, оның 2 247-сі ха­бар-ошарсыз кеткен: Ал­маты қаласында – 328, Шы­ғыс Қазақстанда – 221, Ал­маты облысында – 309 және Қа­рағанды облысында 221 адам із-түзсіз кетіпті. Көбіне түр­лі жағдайда 30-49 жас ара­лығындағы ер адамдар (76%) жоғалатын көрінеді. Комитет мәліметінше, үйі­нен кетіп оралмағандар – 1 723, автокөлікпен жо­ғал­ған­­дар – 74, жұмыстан соң жо­­ғалып кеткендер саны – 36 адам. Ал елімізде тергеуден жә­не соттан жасырынған 2 453 адам­­­ға, яғни ең кө­бі алаяқтық (451), ұрлық жа­сау (270) және кісі өл­тір­­­­гені (166) үшін іздеу сал­ған. Олардың көбі Алматы (245) және Шығыс Қазақ­стан облыстарында (203) із­дес­тіріліп жатыр. Негізінен 89 пайызын 31-40 жас ара­лығындағы ер адамдар құрап отыр.  

Жоғалғандарды кім іздейді?

Елiмiзде дерексiз кеткен адам­дарды iздестiрумен iшкi iстер ор­­гандарындағы iздестiру бө­лi­мiнiң қызметкерлерi айналысады. – Полиция қызметкерлері аза­маттардың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шара­ла­рын қабылдайды. Атап айтқан­да, іздестіру кезінде адамның жо­ғалу мән-жайы, өмір сүру сал­ты, туыстық және өзге де байла­ныс­тары, оның түр-әлпетінің бел­гі­лері, жоғалған адамның соң­ғы болған орны туралы мә­лі­мет жи­найды. Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді ІІМ баспасөз қызметі. Дегенмен хабар-ошарсыз кет­кендердi жыл­дар бойы iздей беруге мүмкiндiк жоқ. Азаматтық кодекстің 28-ба­бына сәйкес хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ал үш жылдан кейін, жақындарының өтінішімен сот шешімі арқылы өлді деп жарияланады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады.  width=

Еріктілер ерігіп жүрген жоқ!

Қазақстандықтардың арасын­да әлеуметтік желіде танысқан соң із-түссіз жоғалып кету дерек­тері жиі кездеседі. Жастар, әсіресе кәмелет жасқа толмағандар та­нысу үшін арнайы сайттарға кі­ріп, кездесуге барады. Олар бұл жайлы ата-аналарына айтпай кетіп қалады екен. Арты іздеу, көз жасы пен жұқарған жүйке... Со­нымен бірге әлеуметтік ауырт­палық пен отбасындағы ұрыс-керіс және азаматтардың ішкі­лікке, құмар ойындарға және өзге де жағымсыз әдеттерге са­лынуы да жоғалғандар санының ұлға­юына «үлес» қосуда. 2015-2019 жылдар аралығында жалпы 13 мың­ға жуық адамға іздеу жа­рияланған болса, оның 1000-нан астамының мәйіті табылыпты. Осы 5 жыл ішінде 92 жеткіншек үйінен кетіп, оралмаған. Құ­қықтық статистика комитеті мен еліміздің Бас прокуратурасы мәліметінше, іздеу салынған жан­дар көп жағдайда еріктілердің көмегімен табылатын көрінеді. Айта кетсек, еліміздің 30-дан астам қаласында филиалы бар бір ғана Лидер.кз еріктілер қозғалысы 2019 жылдың өзінде 190 адамды табуға көмектескен екен.  

Елін тастап қашқандар

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мемлекеттің ха­лық салығынан жиналған мил­лиард­тарын ашкөздікпен жеп қойып, артынан тергеу бастал­ған­да, тірнектеп емес ұрлап жинаған қаржымен мұхит асқан шенеунік­тер жетерлік. Бүгінге дейін кейбірі елге экстрадицияланған. Деген­мен аттары елге мәлім, бірнеше қашқын басқа елдің жерін басып, ауасын жұтып жүр. Олар кімдер? Соған тоқтала кетейік. Энер­ге­ти­ка, индустрия және сауда ми­нис­трі, БТА банкі директорлары ке­ңесінің төрағасы қызметтерін ат­қарған М.Әблязов өз жақтас­тарымен бірге оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қара­жатты қалтаға басты деп айып­тал­ды. Қазақстаннан бөлек, кәсіп­кер­ге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ бұрынғы вице-президенті Рүс­тем Тұрсынбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды, басқаның ірі көлемдегі мүлкін талан-таражға салды, са­лықтан жалтарды деп айыпталды. Мағзұм Абдралиев – «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық топтағы бас­ты фигуранттардың бірі. Швей­цариялық Rothschild Bank Zurich банкінен Мағзұм Абдра­лиевке тиесілі 1,3 миллион доллар табылған болатын. Ал «Гүлнар Тур» туристік компаниясының ди­ректоры Әли Исмаилов 609 миллион теңгені қалтасына басты деп айыпталды. Талапкер Иман­баев міндетті медициналық сақ­тандыру жүйесінің күйреуіне кінәлі, сонымен қатар оған 900 миллион теңгеден астам қаржыны үптеп кетті деп іздеу жарияланды. Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиевке мемлекетке 72 миллиард теңге залал келтірді деген айып тағылды. 1994-1997 жыл­дары Қазақстанның премьер-ми­нистрі болған Әкежан Қа­жыгел­динге «қызметтік өкілет­тігін асы­­ра пайдаланды, бопсалау­шы­лықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекеттің қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді» деген айып­тар тағылды. Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігін басқарған Виктор Хра­пунов мемлекетке 250 миллион доллар сомасында шығын кел­тір­ген. Осыған қарамастан Виктор Храпуновтың Швейцарияда тұр­ғылықты өмір сүруге рұқсат алға­ны жайлы хабарланған болатын. Мәжіліс депутаты болған Ерқанат Тайжанов, «Азбука жилья» құры­лыс компаниясының басшысы болған кезінде салымшылардың 40 миллиард теңгесін қалтасына басып, ол қашты.

ТҮЙІН. Бейбіт заманда біреу баласын, інісін, анасы не әкесін жоғалтуы өте ауыр жағдай. Сонда адамдардың жоғалуы неге тоқта­майды? Бұған бірнеше себеп бар: жыл сайын адам саудасы өрістеп барады, ішкілік ішіп, қаңғыбас­тыққа салынатындар көбейді, адам ағзасын сату да үлкен табыс көзіне айналды, екі аяқты пенделердің түсініксіз ағымға, сектаға кіруі жиіледі, әлеуметтік желі де кері әсе­рін тигізуде. Ал өз елін, өзінің туған же­рін тонап, шетелге қашқан­дарды сонда кім дейміз?!    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ