АЛДЫҢҒЫ ДАҒДАРЫСТАН ДА АУЫР
Таяуда ғана жария етілген ЕОБ ресми болжамына сәйкес, eurozone іжө-сі 2020 жылы -5,5%-ға төмендейді деп күтілуде. Бірақ нақты көрсеткіш одан да нашар болуы ғажап емес. Еуропа орталық банкінің төрағасы Кристин Лагард 30 сәуірдегі отырыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында биыл еуроаймақ іжө-нің құлдырауы 5-тен 12%-ға дейін баруы мүмкін екенін хабарлады. Егер экономиканың 12 пайызға кері кетуін қарастыратын ең қатал сценарий жүзеге асса, онда ұжымдық Еуропа 2019 жылғы іжө деңгейіне 2023 жылдан ерте орала алмайды. Ұстамды сценарий де осыны тұспалдайды: оған сай жалпы ішкі өнім -8% кемиді. Тек оқиғаның өрбу барысы жұмсақ сценарий негізінде дамыса ғана еуропалық іжө 5% азаяды және 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды қалпына келмек. «Еуропа Одағы бейбіт уақытта бұрын ешқашан болмаған экономикалық құлдырауға кезігіп отыр» деп түйді Кристин Лагард. ЕОБ наурыз айында Pandemic Emergency Purchase Programme (PEPP) атты құнды қағаздарды кері сатып алу бағдарламасын жариялап, оған 750 миллиард еуро құйған болатын. Алайда енді одан әлдеқайда көп қаражат талап етілетіні анықталуда. Осы жылы Испания (-9,4%), Италия (-9,5%) және Грекия (-9,7%) бәрінен көп зардап шегеді деген қауіп айтылды. Континенттегі көшбасшылар болып есептелетін Германияның экономикасы -6,5%, Францияныкі -8,2%-ға құлайын деп тұр. Еуроодақ елдерін қолдау шығыны қазірдің өзінде 3,3 триллион еуроны құрады. Ресей іжө-сіне қатысты 2020 жылғы болжам да бұрын күтілген «1,4% өседі» орнына «-5% құлдырауы ықтимал» деп өзгертіліп, теріс сипатқа ие болды. Өйткені алдыңғы болжам вирус жаһанды жайлағанға дейін, яғни 2019 жылғы қарашада әзірленген көрінеді. АҚШ-та құлдырау шамасы 6,5%-ға, ал Ұлыбританияда 8,3%-ға тең болуы мүмкін. Тек Қытайда ғана 1% өсім болады деген жорамал бар. Жалпы алғанда, экономикалық болжамдар бойынша, әлемдік экономика рецессияға ұшырап, 3% төмендеуі мүмкін. Бұл 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс залалынан да ауыр.ҚАЗАҚСТАН ЛАЙЫҚТЫ ҮН ҚАТТЫ
Төрткүл дүниедегі алпауыт аудиторлық компаниялардың «Үлкен төрттігіне» кіретін, кеңес беру және кәсіби сарапшылық қызмет көрсететін ең ірі желінің бірі – KPMG коронавирус таралуының Қазақстанға ықпалына арнайы зерттеу жүргізді. – Экономистердің алдын ала бағалауынша, осы дағдарыс ІІ дүниежүзілік соғыс кезінен бергі ең терең күйзеліске соқтыруы мүмкін. Өнім өткізу нарығының жабылуы, жеткізу тізбегінің үзілуі, авиарейстердің жаппай тоқтатылуы, адамдардың оқшаулану режиміне көшірілуі әртүрлі салаларда бизнесті тоқыратты. Бұған OПEК+ аясындағы келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауы және сұраныстың айтарлықтай азаюы кесірінен мұнай бағасының шектен тыс арзандап кетуі де қосылып отыр. Бүгінде «қара алтын» қоймалары мелдектей толып қалды. Мұнай өндіру болса, жалғасып жатыр. Бұл арзандау үрдісіне әрі қарай түрткі болады, – деп түсіндірді KPMG-дің Қазақстан және Орталық Азиядағы инвестициялар және капитал нарығы департаментінің басшысы Василий Савин. Оның мәліметінше, Қытай, Оңтүстік Корея секілді санаулы елдер карантин және үйде оқшаулану, яғни lockdown кезеңін артқа тастап, бірқатар сектордағы зауыт-кәсіпорындарының қуатын дағдарысқа дейінгі көлемде жүктеп үлгерді. Бірақ әлемнің көптеген өңірлерінде коронавирус одан әрі таралып жатыр. – Салдарынан сұраныс төмендей бермек. Сонымен қатар ғаламшар тұрғындарының жүріс-тұрысының шектелуі, адамдардың күнделікті әдет-дағдыларын өзгертуге мәжбүрленуі бүкіл әлемнің дағдарысқа дейінгі деңгейге оралу траекториясын тым ұзартып жібереді. Мұны Қазақстан басшылығы да ескеріп отыр. Мұнай, металл секілді елдің басты экспорттық тауарлары бағасының арзандауы, әуетасымалының тыйылуы, lockdown кезеңінде шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысын тоқтатуы дағдарысты күшейтіп, Қазақстан іжө-сін елеулі құлдыратуға қауқарлы. Теңгенің құнсыздануы халықтың төлем қабілетін төмендетеді. Дегенмен бұл экспортқа бағдарланған жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттырады, – деді В.Савин.ДАҒДАРЫС СЕБЕПТЕРІ
KPMG зерттеуінде атап өтілгендей, COVID-19 теріс салдары Қазақстан экономикасын Кеңес Одағы күйреген кезден бергі ең ауыр жағдайға соқтыруы ықтимал. Неге? Біріншіден, 1998 жылдан бері алғаш рет Қазақстанның нақты іжө-сі өсу орнына құлдырайды деп жорамалданды. Халықаралық валюта қорының болжамынша, республиканың іжө-нің төмендеуі шамамен -2,5%-ды құрайды. Рас, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жыл қорытындысында іжө өсімі 0,9 пайыздай болады деген оптимистік болжам айтты. Былтырғы 2019 жылы ел экономикасы 4,5% өскен еді. Егер рецессия шындыққа айналса, ХХ ғасыр соңында КСРО ыдырап, посткеңестік кеңістікте шаруашылық байланыстар үзілуі кесірінен туындаған 1991-1996 жылдардағы дағдарыс көріністері қайталанбақ. Екіншіден, ОПЕК+ мәмілесіне қосылған барлық елдер «қара алтын» өндірісін қысқартқанымен, мұнай қымбаттар емес. 11 мамырда оның бағасы әр баррель үшін 30-31 доллар арасында ғана құбылды. Бұл ретте мұнайды тәуліктік тұтыну көлемі биылғы сәуірде 1995 жылғы деңгейге – 29 миллион баррельге дейін түсіп кетті. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, COVID-19 салдарынан 2020 жылы мұнайға деген сұраныс тәулігіне 9,3 миллион баррельге дейін кемиді. Үшіншіден, сарапшылар Қазақстанның қысқа мерзім ішінде Ұлттық қор қазынасының 20 пайыздайын «жеп» қойғалы тұрғанына назар аудартты. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджет тапшылығы бұрынғы 1,2 триллионнан 2,4 триллион теңгеге дейін өскенін мәлім етті. Яғни, мемлекеттің тапқан табысы оның шығаратын шығынына жетпейді. Бұдан бөлек, ведомство дерегінше, Ұлттық қордан бюджетке әкетілетін трансферт сомасы биылға көзделген 2,7 триллионнан 4,77 триллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сарапшылардың пайымдауынша, салықтық жеңілдіктер, импорт алмастыру, арзан несие секілді мемлекеттің бизнеске көмегі дағдарыстың қарқынын баяулата алады. Алайда төтенше жағдай және кәсіпкерлік қызмет алдындағы кедергілер жойылмаса, елдегі және әлемдегі макроэкономикалық теріс фактор экономиканы қаусатып кетпек. «Бұл рецессияға, сондай-ақ әр саладағы кәсіпорындардың қалыпқа келуі кезеңінің тым ұзаруына соқтырар еді. Бүгінде Үкімет шағын және орта бизнесті, экономиканың базалық секторын қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Әйтсе де, карантиннің көпке созылуын тіпті ірі бизнес те көтере алмайды. Қазақстан кәсіпорындары өзгерген өмір шынайылығына жедел әрі лайықты үн қатты. Олардың басым көпшілігі төл инвестициялық бағдарламаларын қайта қарауда. Айналымдық капиталын оңтайландырып, дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуге кірісіп жатыр. Олар даму стратегияларын да өзгертетін болады», – дейді KPMG-дің Қазақстандағы өкілі Василий Савин. EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының Қазақстандағы сарапшысы Андрей Чеботарев еліміздің постпандемиялық экономикалық жаңа тәртіпке даярланып жатқанын білдірді. «Шынында, Қазақстан билігінің қолға алған шаралары өзін-өзі ақтады. Себебі кейбір елде коронавирустың өлім-жітімі 7-14 пайызға дейін өршіді. Бұл қатаң карантинді жақтамайтын, кейбір жан салыстырып жүрген тұмаудан әлдеқайда жоғары. Мысалы, төтенше жағдай енгізуден ат-тонын ала қашқан Беларусь елінде 22 973 адам сырқаттанып, 131-і қайтыс болды. Қазақстанда 5 126 адам індетке шалдығып, 31-і өмірден өтті. Ал Қазақстан халқының саны Беларусьтан екі есе көп! Коронавирус барлық мемлекеттің басты салаларын жайпап кетті. Мысалы, ең ірі кен орны – Теңізде жұмыстың көбі тоқтады. Мұндай мысал өзге елдерде де бар», – дейді сарапшы. Ол Қазақстанның импорт алмастыруға екпін түсіре отырып, жергілікті кәсіпорындарды және нарықтарды қайта жандандыруға күш салуын құптайды. Отандық өндірушіні қолдау экономиканың өрлеуіне және жаңа экспорттаушылардың пайда болуына жол ашады. Сонымен бірге Президент айтқандай, өңдеу өнеркәсібіне иек артатын диверсификациялы экономика құру басты басымдыққа айналуы тиіс. Қалай болғанда, қазіргі дағдарыс пен пандемия Қазақстанға бұрынғыдай тек мұнайға ғана иек артудан іс жүзінде бас тартып, экономиканың жаңа қыры мен жаңа мүмкіндігіне басымдық бергені дұрыс екенін көрсетті. Бұл заманда құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, халық игілігін көретін нақты іс керек.Айхан ШӘРІП