Қазақстандағы кітап нарығының жағдайы жайлы көп айтыла бермейді. Маркетинг пен менеджмент қаншалықты жолға қойылғаны да белгісіз. Соңғы жылдары кітап саудасы әлеуметтік желі арқылы жүргізілетін болды. Кітаптың электронды нұсқалары да көбейді. Ғаламтор баспа бизнесі мен кітапқа деген сұранысқа қалай әсер етті? Қандай баспаханалар көш бастап тұр, жазушы мен оқырман арасын жақындатудың жолы қандай?
2018 жылдың басында чех жазушысы Якуб Мэриан өзінің жеке блогында Еуропада жыл сайын бір миллион тұрғынға шаққанда қанша кітап шығатынын бейнелейтін карта жариялады. Жазушының дерегіне сенсек, Ұлыбританияда миллион халыққа – 2 870, Францияда – 1 010, Германияда – 1 160, Испанияда – 1 620, Италияда – 1 020, Түркияда – 570, Белорусьта 1 360 кітаптан келеді екен. Ал Қазақстанда миллион адамға 909 кітап тиесілі. Халықаралық баспагерлер қауымдастығы дүниежүзінде кітап шығару ісін ең табысты бизнестің біріне жатқызған. Жыл сайын кітап индустриясы 150 млрд долларға жуық, ал кино индустриясы 130 млрд доллардан астам қаржы құрайды екен. Демек, шетелде кітап бизнесі кинодан еш қалыспайды. Осыдан кейін «кітап оқитындар аз» деген қауесетке сенгіңіз келмейді. Ал елдегі баспалардың халі нешік?
Мемлекет кітап басу ісіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын мойындау керек. Тендер бойынша бөлінген қаржыға қол жеткізген баспалардың басты міндеті сол ақшаны игеру ғана. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының дерегінше, елімізде 1 300-ден астам мемлекеттік және жекеменшік баспа бар. Оның 70%-ға жуығы жылына 5 кітаптан аз шығарады. Ол аз десеңіз, жыл бойы 1-2 кітап қана шығарып, нәпақа тауып отырған 100-ден астам баспа бар екен. Кезінде белгілі баспагер Ғарифолла Әнес баспаларға байланысты ахуалды баяндаған еді. Орташа есеппен мемлекет кітап шығаруға жыл сайын 2 млрд теңге бөледі екен. Бірақ қай баспа қандай кітап шығарып жатыр, қаржы қайда жұмсалды, ол жайлы ақпарат жоқ. Баспаларға хабарласа қалсаңыз, бұл сұраққа «ішкі мәселеміз» деп жылы жаба салады. Оның үстіне Қазақстандағы баспалардың басым бөлігі ресейлік баспа екенін мойындауымыз керек. Осыған орай, біз баспалар мәселесіне қатысты Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Статистика және кітап нарығына мониторинг жасау» бөлімінің басшысы Алтынгүл Абдрахмановаға хабарласқан едік.
– Жалпы, ел аумағында тіркелген 1 300-ден астам баспа бар. Олардың көбі немен айналысып жатыр, белгісіз. Жылына 4-5 кітап шығаратын баспалар ақша үнемдегісі келе ме, әлде басқалай себебі бар ма, ол жағы анық емес. Әзірше «Алматыкітап» пен «Мектеп», «Фолиант» баспаларының бәсі жоғары. Одан бөлек, Ұлттық аударма бюросы 2019 жылы 400 мың дана кітап шығарыпты. Еңбектері көрініп тұр. Былтыр бізге 236 баспадан 4 307 кітап келіп түскен. Бәрі жылдағыдай, ал өзгеріс жоқ. Оның 52,1 пайызы – қазақ тілінде, 39,9 пайызы – орыс тілінде, қалғаны – әртүрлі тілдердің еншісінде. Негізі өзін-өзі жетілдіру, тұлғалық даму бағытындағы кітаптар сұранысқа ие. Ал кітап дүкендерінің жайы бөлек, – дейді маман.
Кітап дүкендері дегенде Қазақстанда кітап саудасымен танымал «Меломан» дүкені еске түседі. Аталған дүкен жылы 1,5 млрд теңгеден астам пайда табады екен. Сөзсіз көп дүкендерден көш ілгері алда. Бірақ өкініштісі, «Меломан» дүкеніндегі жалпы кітап қорының тек 1 пайыздан астамын ғана қазақ тіліндегі кітаптар құрайды. Содан соң «Қазына» кітап дүкеніне қоңырау шалған едік. Себебі мұнда қазақ тіліндегі кітаптардың қоры мол.
– Кітап дүкені 2018 жылы ашылды. Қазіргі кезде кітап қоры да біршама, сатып алушылар да көбейіп келеді. Көбінесе психологиялық, діни, өзін-өзі дамыту бағытындағы кітаптарға, жаңадан авторларға сұраныс көп. Карантин уақытында тапсырыс азайған жоқ, керісінше жеткізіп үлгермеген кездеріміз де болды. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы уақытта электронды форматтағы кітаптарға қарағанда, қағаз кітаптар көп сатылады. Өткен 2019 жыл бойынша тек қана қазақ тілінде 112 951 кітап сатылған, ал орыс тіліндегі кітаптар бұдан 2-3 есе артық. Кітапқа деген сұраныс бойынша Батыс өңірлер көш бастап тұр. Атап айтқанда, Орал, Ақтөбе, Ақтау қалалары. Одан кейін Солтүстік Қазақстан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында кітап көп өтті, – дейді «Қазына» кітап үйінің қызметкері.
Кітап нарығы турасында тағы бір түйткіл бар. Ол автор мен оқырман арасындағы байланыстың жөнді болмауы. Қазір әлеуметтік желі арқылы бұл байланыс сәл де болса ілгері басып келеді. Бірақ Еуропа елдеріндей емес. Мамандар бұл мәселені Кітап агенттіктерінің жоғымен байланыстырады. Алайда әлі саудаланбаған кітабы үшін жазушыға мол қаржы төлеп, соңы күмән тудыратын іске беттегендер жоқтың қасы.