«Абылай ханның» сапасы тексерілді
«Абылай ханның» сапасы тексерілді
233
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лысында әлеуметтік нысан­дардың құрылысы мен жөн­деу жұмыстарына Nur Otan партиясының депу­тат­тарынан құрылған ар­найы мониторингтік топ бақылау жүргізуде. Qutty meken партиялық жобасы аясында іссапарға шыққан топ «Абылай хан рези­ден­циясы» мемориалдық ке­шенінде жүргізіліп жатқан  жөндеу жұмыстарымен танысты. Рейд барысында ғимаратта су бұру жүйесінің жоғы белгілі болды. Топ мүшелері әр жаң­бырдан кейін су жаңа тас төсеуіштің астына ағатынын, соның салдарынан «ығысу» пайда болуы мүмкін екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ кез­десу кезінде жаңа тас төсеуішті сапалы етіп салу мәсе­лесі бо­йынша да бірқатар ұсыныс айтылды. – Су бұру жүйесін дұрыс орналастырудың маңызы  өте жоғары. Сондықтан оған  атүсті қарауға болмайды. Бұған дейін ескі төсеуіште жаңбырдан кейін су толып қалып жүрді. Енді бұл мәселені де ретке келтіретін кез келді, – дейді мониторингтік топтың мүшесі Алан Жуков. Айта кетейік, бұл кездесуге мердігер компания мен ны­санды қадағалауды жүзеге асы­ратын ұйымның басшысы келген жоқ. Сондықтан мони­торингтік топ мүшелерінің сұрақтарына нысанның жөн­деуін жүргізетін МИРАС GROUP ЖШС құрылысшы-шебері жауап берді. Ол бас­тапқыда жобада су бұру жүйесін орнату жоспарланбағанын айтты. Бірақ мониторингтік топ мүшелерінің араласуынан кейін, бұл мәселені қайта қарауға тура келгенін жеткізді. Әңгіме ба­рысында нұротан­дықтар аталған нысанды бір­неше апта өткен соң тағы да тексеретінін, жөндеу сапасын қадағалауда ұстай­тынын айтты. – Резиденциядағы жағ­дай­мен мониторинг барысында толықтай таныстық.  Ретке келтіретін жұмыстар әлі де көп. Соның бәрін уақытылы жөндеуден өткізсе, бұл мәселе де өз шешімін таба жатар. Біраз уақыттан кейін біз осы нысанға қайтадан келеміз. Жұмыстардың қалай жасалғанын, ескерт­пелердің талапқа сай орын­далуын тексеріміз. Сол кезде ғана атқарылған жұмыстың са­пасын  көріп, мердігер компа­нияның жұмысына бағамызды береміз, – деді СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орын­басары Досбол Әбдірісов. Резиденцияны жөндеу 2020 жылдың мамыр айында бастал­ған болатын. Жөндеу жұмыс­тарына 33 миллион 740 мың теңге бөлінді. Ал нысанды пай­далануға беру тамыз айына жоспарланып отыр.  

Әбілмансұр ЖАСАН